Ақтөбелік шенеуніктер ескі ғимаратты 150 миллион теңгеге сатып алған

Мынау Шалқар қаласындағы ең қымбат ғимарат. Аудандық білім бөліміне тексеру жүргізген прокурорлардың өздері 150 миллион теңгеге сатып алынған балабақшаны естігенде, көруге асығыпты. Алтынмен апталып, күміспен қапталған сарайды көрерміз деп үміттенген олар шағын кеңсеге келгенде жағаларын ұстаған. Дереу тендер жариялау кезінде мырзалық танытқан білім бөлімінің бастығы Қуаныш Табаналыға қатысты қылмыстық іс қозғапты.

Айбек Айтбаев, Шалқар ауданының прокуроры:

- Білім бөлімінің бұрынғы басшысы мемлекеттік сатып алу заңына қатысты осы ғимаратты сатып алу кезінде ешқандай бағаны салыстыру жұмыстарын жасамаған.

Елу жыл бұрын салынған осы ескі ғимаратты сатып алуға аудандық бюджеттен 100, облыстан 50 миллион теңге бөлінген екен. Одан кейін ауданда әкім ауысып кетіпті. Ал жаңа басшы балабақшадағы былықты сол алдыңғыларынан көріп отыр.  

Ербол Данағұлов, Шалқар ауданының әкімі:

-  Оны мен білмеймін. Басы-қасында жоқпын. Оны сатып алған мен емес. Сатқан да мен емес. Оның қасында болған аудан басшысыбар шығар. Бұрынғы әкім бар шығар.

Шалқардың шенеуніктері балабақша үшін 150 миллион теңгеге сатып алған ғимараттың сиқы осы. Кеңес дәуірі кезінде бұл автокөлікпен қамту мекемесінің кеңсесі болған. Кейін жекенің қолына өтіп, одан соң бюджеттің қыруар қаржысына сатып алынды. Сол кезде келісім-шартқа қол қойған балабақша меңгерушісінің өзі сомманы көргенде таң қалғандығын айтады. Бірақ басшылардың бұйрығынан асып кете алмадым деп ақталады.


Ғазиза Райымханова, балабақша меңгерушісі :

- Енді не үшін таң қалғанда, мен үшін ол үлкен сомма. Ол мекеме оған тұра ма, тұрмай ма... себебі мен бағалаушы емеспін, түсінбеймін. 150 миллион дегесін кім болса да тәуекелге бармайды ғой. Бірінші кезекте маған жауап беретін білім бөлімі ғой. Сол үшін мен... нелермен сөйлестім. Содай кейін барып қол қойдым .

Балабақша үшін мемлекеттің мол ақшасын аямаған бұрынғы аудан әкімі Рахат Сыдықов шалғайдағы Шалқардан облыс орталығына жақын Қарғалы ауданына әкім болып ауысыпты. Әзірге одан ешкім ғимарат сатып алу ісіне қатысты жауап алмаған. Тек білім бөлімінің бұрынғы бастығы Қуаныш Табаналы айыпталушы ретінде жауап беруде.