Ақтөбеліктер қазақ сазгері Ахмет Жұбановтың 100 жылдық мерейтойына дайындалуда

Облыстық мәдениет басқармасының ақпаратына сәйкес, Ақтөбеде өтетін мерекелік салтанатты шараларға Астана, Алматы мен Ресейден 200-ден астам қонақ келмекші.

Мерейтойды атап өту шараларының аясында 15-16-қыркүйекте Ақтөбеде сазгердің шығармашылығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Облыс орталығында ескерткіш кешен ашылады. Шығармашылық ұжымдардың концерттері өтіп, "Жарық жұлдыздар" атты мерейтойлық экспозиция ашылады.

Мерейтойға орай Ақтөбе облыстық драма театрында А.Жұбанов жазған "Абай" операсының концерттік түрі қойылды.

Сонымен бірге мерейтойлық шаралар сазгердің туған жері -Ембі қаласында да өтеді. Бұл жерде Ахмет Жұбановқа арналған ескерткіштің салтанатты ашылу шарасы өтіп, ағалы-інілі Жұбановтардың ескерткіш мұражайы өз есігін ашады.

Сазгердің туған жерінде мерейтой күндерінде киіз үйлерден қалашық тұрғызылып, ат жарыстары, ұлттық ойындар мен сахна шеберлерінің біріккен концерті өткізіледі.

Ахмет Жұбанов - кеңестік музыкатанушы, сазгер, дирижер, ҚазақКСР халық әртісі, Құрманғазы атындағы мемлекеттік оркестрді ұйымдастырушы әрі дирижері, ол 1906 -жылдың сәуір айында Ақтөбе облысының Қосуақтам шатқалында туған.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті