Ақтөбеліктердің 45 млн теңгесін жымқырғандар Украинадан табылды

Ақтөбеде жүріп алаяқтың жасаған есепші мен жеке компания директоры Украинадан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаменті Украинадағы әріптестерімен бірлесе алаяқтық жолмен ақша жымқырған екі күдіктіні ұстады. Оның бірі есепші, екіншісі компания директоры болып шықты.

«Полиция қызметкерлері украиналық әріптестерімен бірге Днепропетровск қаласынан күдіктіні ұстады. Ақтөбедегі компаниялардың бірінде есепші болып жұмыс істеген күдікті 2014 жылы 5 миллион теңгені алып кеткен. Сонымен қатар, ол енесінің 11,5 миллион теңгесін жымқырды. Жедел уәкіл қызметі күдіктінің Украинадағы туған-туыстарының үйінде жасырынғанын анықтап, іздеу жұмыстарын жүргізді. Қазіргі уақытта күдікті уақытша тергеу изоляторына қамауға алынды», - деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Украинаға барған Ақтөбе облыстық ІІД-нің жедел уәкіл тобы Запорожье қаласында тығылып жүрген компания директорын ұстады. Ол 2013 жылы алаяқтық жолмен 29 миллион теңгені алып кеткен. Қазіргі уақытта күдіктілерді экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр.