Ақтүтек боран бірнеше облыстың тірлігін тұралатып тастады

Боран кеше түнде кіргендіктен бас қаладағы қарбалас ерте басталған. Өйткені үкімет отырысына келетін шенділердің жолын қар бөгемеуі керек. Бірақ күндіз де қарқынынан жаңылмаған жел айналаны аппақ етті. Салдарынан мектептер жабылып, кейбір мекемелер жұмыс күнін қысқартуға мәжбүр. Елордаға келетін көліктің де, ұшақтың да жолы жабылған.

Гүлнар Жанбаева, жолаушы:

-Біз ертеңгісін сағат 5-те келгенбіз. Таңғы 8-де ұшып кетуіміз керек болатын Алматыға. Ауа-райының қолайсыздығынан әлі отырмыз кешке дейін. Екінші рет ауыстырдық.

Ақтөбе облысында да 28 көлік жолда қалған. Құтқарушылар СМС-пен «ескерту беріп едік» дегенімен, 10 сағаттан аса алысып жатып, арасында 30-ға тарта балалары бар жолаушыларды қар құрсауынан әрең алып шықты.

Көкшетау мен Қарағанды да ақтүтек қарыс қадам аттатпай, жаяуды желкелетсе, көлік тізгіндегендердің көзін байлап кібіртіктетіп тастады. Қаланың маңына қатынайтын қоғамдық көліктер тегіс тоқтаған. Осының кесірінен үйлеріне жете алмай аялдамада топтасқан жолаушылар ықтасын таппай ығысып, тоқтаған әр көлікке жанұшыра ұмтылады.

Алмагүл Зияшева, Қарағанды қаласының тұрғыны:

-Жоқ ешқандай автобус. 70 автобус келді. Одан кейін ешқандай автобус жоқ. Бәрі машинаға мініп кетіп жатыр. Симаймыз оган бәріміз жүгіреміз. Бағасы бір адамға 200 ден.

Жол көлік апаттары жиіледі. Мына бір автобус жүргізушісі көз байланған боранда жолдан қалай шығып кеткенін өзі де аңғармай қалыпты. Абырой болғанда жолаушылары аман екен.

-Боранның салдарынан болған жол апаттарына жол полициясымен жәдел жәрдем қызметтері келіп үлгермей жатыр. Тіпті осындай ір жол апатына келген жедел жәрдем көлігінің артына тағы екі көлік кеп соқтығысқан.

Казгидромет мамандарының айтуынша айылды босату әлі ерте. Күн райының құбылуына енді антициклонның әсері болады.