Шара барысында облыстық қазақ драма театрының әртістері мен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері ақын өлеңдерін оқып, облыс әншілері Ақұштаптың сөздеріне жазылған туындыларды орындады. Артық-ауыс сөз жоқ, тура ақын шығармашылығына құрылған кеш болды.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ақынға жылы лебізін арнай отырып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Тәуелсіз елдің бірлігін жырлап, ұрпақ тәрбиесін нықтауда сіздің еңбегіңіз мол. Алдағы уақытта да қалың көпшіліктің ойынан шығатын өміршең өлеңдердің дүниеге келетіні анық», деді әкім.
Қазақстан халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісов кейбір тойлардағыдай, жабыла мақтау, көпірме сөз емес, бүгінгі кеш ақындық өнерді танытқан ғибратты шара болғандығын атап өтті.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Жанарбек Әшімжан қаламгер тойы енді Алматыда жалғасатынын жеткізді. Атап айтқанда, 6 қазанда Алатау төрінде Ақұштап Бақтыгерееваның 70 жасына арналған мерейтойлық шара өтпек.