«Той дегенде қу бас домалайды» демекші, тойға шақырту алған сәттен
Тоқ етерін айтсақ, КТК телеарнасындағы «Той BestStar» тап сол тойға бара алмай дымы құрып үйде отырғандарға арналған жоба. Мұнда сіз тек өз ауылыңыздағы ғана емес, сонымен қатар бүкіл еліміздің түкпір-түкпірінде болып жатқан ең қызықты тойлардың бейнекөрсетілімін және ең бетке ұстар асабалардың өнерін көресіз.
Қара қазағымызға арналып шығарылған бұл жоба «Еліміздің ең басты тойы» деп бекер аталған жоқ. Шынында әр қазақ тойының төрінен көрінетін құрметті қонақтар, асабалар, кәделер, әңгімелер, ойындар мұнда толықтай қамтылған. Бағдарламаның шығармашылық тобы әр қонақтың кәсібі мен өміріне орайластырған ойындарды іске асырып, әр қонақты жаңа қырынан ашуға, басқа да қасиеттерін көрсетуге тырысады.
Естеріңізде болса, әлеуметтік желілерде қызу талқыға түскен «Асабалар аламаны» да өз жалғасын табады. Ерке көрерменді таң қалдыру үшін еліміздің түкпір-түкпірінен сөзге шешен, әзілі жарасқан, кез-келген тойды басқара алатын дарынды асабалар ағылуда. Бұл сайыстың арқасында қазақы тойды, енді, тек мықтылар ғана басқара алады. Халықтың талғамы өзгерді деген осы...
Жаңа маусымның алғашқы бағдарламасы «Тойдың үздік әндері» тақырыбынан бастау алады. Тақырыпқа сай, бағдарлама қонақтары үздік әндердің, яғни, хит әндердің орындаушылары.
Ең алғашқы қонақ - «Той BESTSTAR»-дың төрінде 2014 жылғы той маусымының чемпионы Асхат Тарғынов. «Чип-чип, Мария-Магдалена» деп ән салып жүрген бойдақ жігіт, өзге ұлттың қызына қалай ғашық болғаны туралы шындықты ашпақ...
Сөз соңында «Аспанға қараймын» әнін орындайтын Абай Бегей екеуі жақында дуэт құрайын деп жүргенін жасырмады.
Ал «Қызыл өрік» деп талай тойдың сәні мен би алаңының шаңын шығарған Ақылбек Жеменей де «Той BestStar»-ға қонақ болуға асықты. Ақылбектің қаншалықты шындықты жақсы көретінін «Өтірік детекторы» дәлелдейді.
Сүйікті көрермендерге жаңа айдарымызды таныстырайық:
«Әлеуметтік әлем» деп аталатын айдарға #toibeststar хэштегі арқылы «тойбастар»-ды ұстап түскен суреттеріңізді жіберіңіздер!!!
Мейлі, табақ, қоржын болсын, ең үздік суретке арнайы сыйлығымыз бар!
Көрерменге тағы бір сый - «Ал, енді, не дейін?» атты айдар туған-туыс, дос-жарандарына құттықтау айтқысы келген адамдарға арналады. Әр тойдың 75% құрайтын тілектер легінің сапасын бірге анықтайтын боламыз.
«Той BESTSTAR»-дың үшінші маусымы «Жанар мен Айгүл ондығы» деген атпен хит-шеруді ашық деп жариялайды.
Хит-шеруде әртүрлі тақырып бойынша үздіктер анықталып, сарапталады. Сүйікті жүргізушілер халықты жаңарған, жарқыраған өзгеше киім үлгілері, стилімен таң қалдырмақ.
Көрерменнің сұрауы бойынша, «Тойжаршы» байқауы өз жұмысын жалғастырады. Еліміздің танымал өнер жұлдыздарының тойларымен бірге, сіздің де үйдің тойы додаға түсуге лайықты. Сондықтан, қызыққа толы той видеоларын бізге жолдауды тоқтатпауды сұраймыз. Жарқырап келе жатқан жас әнші Мархаба Сәбиеваның үйлену тойын осы аптада көре аласыздар.
Осы маусымда Тұрсынбек Қабатов, Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев, Сейфуллин Жолбарыс, «Жігіттер» квартеті, Жанар Дұғалова сияқты өнер жұлдыздары қонаққа келіп, қуанышты жаңалықтарымен бөліседі.
Әр сенбі, КТК арнасынан сағат 23:50-де жаңа «Той BESTSTAR»-ды көруге шақырамыз!