Ақыл-есі кем бойжеткенді зорлаған азғындар жауапқа тартылмай жүр

Танысымен ұялы телефон арқылы сөйлесіп, басы бәлеге қалған Бота енді үйден шығуға қорқады. 17 жасар бойжеткен тек кітап оқып, үй жұмысын жасаумен ғана айналысуда. 20-шы қазан күні қаннен-қаперсіз үйде отырған жас қызды колледжде бірге оқитын екі жігіт қас қарайғанда тысқа шақырып, көрші ауылға алып кетіпті. Діттеген жерге жеткен соң өзге үш жігіт оған ойларына келгенін істеген.

Бота Сәт, жәбірленуші:

- Сотка алып беремін, шықшы деп шығарды. Сосын шықтым, бой бермей машинаға отырғызып алды. Қыдырамыз-қыдырамыз деп алып кетті мені. Қаракөтерме жаққа апарды. Сол жақта үш бала тұр екен. Үш бала бой бермей машинаға отырғызып, қолымды астыма қойып, бұтымды шешіп зорлады.

Азғындар қыздың ақыл-есі дұрыс жетілмегенін пайдаланып, сыйлық жасаймыз деп алдаған көрінеді. Ал құқық қорғау органдарына арызданған жасөспірімнің туыстары полицейлер бастапқыда қылмыстық іс қозғаудан бас тартса, енді тергеу жұмыстары сылбыр жүріп жатқанын айтады. Ұсталған күдіктілер де бірден қамаудан босатылыпты.

Дәурен Әбішев, Жәбірленушінің ағасы:

- Сол жердегі 5 жігіттің үшеуі зорлаған. Соның үшеуінен кейін маған сараптама қыздың қыздығы бұзылмаған деген мәлімет береді. Қалай ол? Миға қонарлық жағдай емес ол. Менен керекті мәліметтерді сұрап алды да үйіме жібере салды. Артымнан ана үш жігітті де жібере салған.

Тергеудің алғашқы нәтижесімен бөліскен тәртіп сақшылары мәлімдеме жасап, таң қалдырды. Оған сәйкес жігіттер қызбен өзара келісім арқылы жыныстық қатынасқа түсіпті. 


Салтанат Әзірбек, Алматы облыстық ІІД өкілі:

Үш сезікті анықталып, олардан сұрастыру жұмыстары жүргізілді. Дегенмен олардың сөзіне сенетін болсақ, олар зорлау фактісін жоққа шығарып отыр. Яғни жәбірленушімен өзара келісіп болған оқиға деп әлек айтуда. Дегенмен қылмыстық іс қозғалып, биологиялық сараптама да тағайындалды.

Осылайша 17 жастағы қызды зорлады деген күдіктілерді жазаға тарту үшін арада бір апта өткен соң ғана биологиялық сараптама тағайындалмақ. Енді полицейлердің өз жұмысына салғырт қарауына байланысты жәбірленушілер прокуратураға шағым түсірген. Бірақ қадағалаушы орган да әзірше жауап қатпапты.