Ақыл-есі кем жігітке туған бауырлары екі жүз теңге беріп алдап, жұмысын істеткен

Бұл жазбаны Әлия Құдайбергенованың Фейсбуктегі парақшасынан алдық. Әркімге ой саларлықтай екен. Caravan.kz медиа-порталы оны қаз-қалпында жариялауды жөн көрді.

Біздің ауылда Астан атты есі кемдеу жігіт болды. Күнде көшенің о шеті мен бұ шетіне зырылдап кетіп бара жатады, бір кезде тура сол жолменен қайтып келе жатады. Құдды бір асығыс адамдай алды-артына қарамайтын. Бір кезде көшенің шетіне тоқтай қалып өкіртіп темекі шегетін. Үсті-басы жұлым-жұлым боп жүретін. Бауырлары көп еді, бəрінің дені сау, шетінен дəулетті болатын. Астанның үнемі бір нəрсеге көңілі толмай жүретін. Өзі тез-тез сөйлейтін. Көп сөзін ұқпайсың. Айтпақшы, сол түрімен əдемі қыздарды көрсе дереу жол бере қалып, жымиып, қысылып, қызарып, үсті-басын қағып, шашын түзеп əуреге салынатын да қалатын. 

Естуімше, бауырлары кезек-кезек үйіне шақырып, қара жұмыстарын осы Астанға жасатады екен. Содан қолына болар-болмас ақша ұстатып (200 теңге болса керек) "бұған үстіңе көйлек, көп темекі, "кола", шикалат бəрін аласың" деп алдап жібереді екен.

Бір күні орталық бір дүкенде Астан тұр. Бірдеңені түсіндіріп шыр-шыр етеді. Сатушы "сенің бұныңа түк те түспейді, құры бар, жоғал!" деп жатыр. Мен ұға қойдым. Мектеп оқимын ол кезде. Астаннан ақшаны кім бергенін, кімнің бұлай алдағанын мықтап сұрап алдым. (Ненің азабы десейші?!) Екеуміз көшенің басында тұратын оның үлкен ағасының үйіне кіріп бардық. Бара сала бəрін сақылдатып айтып тастадым. Соңына жетпей даусым дірілдеп, көзімнен жасым парлап кетті. "Мына сорлыны Құдай онсыз да сорлатып қойған ғой! Неге сендер, туған бауырлары алдайсыңдар оны?" деп жатырмын, өзімді тоқтата алмай. Бір кезде анау кісі (еңгезердей адам болатын) "не былжырап жүрсің сен, ей?" деп, Астанның көкірегінен мықтап тұрып "гүрс" еткізді де, көз алдымда аунатып түсірді. Жаныма қарап қалсам, қайдан жатқанын білмедім, əйтеуір кəдімгі тамақ құятын ожау (біздің жақта солай атайды) жатыр екен. Алдым да анау үлкен кісіні темір ожаумен бар күшіммен бір пердім. Қашу жоқ, қысылу жоқ. "Мен əлі сіздей оңбаған адам туралы телевизордан айтатын боламын!" деппін. Ол сөз аузыма қайдан түскенін білмеймін. Шамасы анадай бай-бақуатты, зор, дəу адамды телевизор ғана қорқыта алады деп ойладым ау?!

Сосын... үйге келді ол кісі. Үйдегілерге "қыздарыңды қалай тəрбиелегенсіңдер, менің абыройымды төкті, анау-мынау..." деп қып-қызыл боп парттап кете жаздап, қара аспанды төндіріп кетті. Бірақ үйдегілер мені ұрған да, ұрысқан да жоқ. "Əй, жынды қыз, оның не? Оларға неге жолап жүрсің?" деді əкем, болды! Сонда да қорқып тұрған мен жоқпын. 


Сол қылығым үшін кейін қатты қысылдым. Ұлы менімен қатар еді.

Ал жынды Астан сол сол екен, құдайдың құтты күні маған арыз айтып келетін боп алды. Ең қызығы, мен "бар, кет" десем де, сағаттап тұрып алатын. "Құдай бар, саған көмектеседі" деген бір сөзі бар, соны жүз рет қайталайды. 

Мен қалаға кеттім. Астанды кейін ауылдағылардан сұрап едім, қайтыс болды деді... Жынды болса да сұмдық мейірімді еді ол... Таксист ағай Астан туралы суық хабарды айтқанда көзімнен жасым ыршып түсті. Баяғы "ақысын əпермек" боп ағасына ертіп апарғандағы қалбалақтап барып құлап қалған бейнесі көз алдыма келді... Ол Құдайға қатты сенетін... Сосын біраз жыл өткенде əлгі ағасы аяқ-қолы тартылып, "паралич" болып қалыпты...