Ақын, сазгер Әкім Ысқақтың 50 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтеді

Әкім Ысқақ - Қазақстан парламентаризмінде тұңғыш қазақ тілінде «Халықтың көші-қоны туралы» заңын жазған депутат ретінде тарихта аты қалған азамат. Осы заңның негізінде елімізде Көші-қон және демография жөніндегі Агенттік, облыстарда көші-қон басқармалары құрылды. Отанға оралу да, жәрдемақы да, баспана алу да осы заңмен іске асып келеді. Бүгінде алыс және жақын шетелдерден 1 миллионнан аса қандастарымыз оралды. Ә.Ысқақ Қытайдан, Моңғолиядан, Өзбекстаннан келген жүздеген оралмандардың азаматтық, пәтер, білім алуына, жұмысқа орналасуына және т.б. жұмыстарына тікелей қамқор болды.

Ә.Ысқақ ақын, жазушы, журналист, сазгер, сатирик ретінде республика жұртшылығына кеңінен танымал. Ол Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, 1989 жылы Самарқандта өткен Орта Азия және Қазақстан жастары өнер және поэзия фестивалінің лауреаты, республикалық «Жігер» фестивалінің дипломанты (1985 ж), С.Ерубаев атындағы жастар сыйлығының лауреаты (1993 ж.).

«Лениншіл жаста» жарияланған «Ерте есейген қыз», «Темір табыт», «Генерал Сабыр Рақымов», «Асқаровтың кадры», «Атамекен, елім бармысың?» атты өткір материалдары үшін Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты атанды. (1992ж.)

Философиялық тәлім-тәрбиеге негізделген «Жүректегі жазулар», «Адам іздеп жүрмін» атты эссе кітаптары жасөспірімдер мен жастардың сүйікті кітабына айналып, бірқатар университеттер мен мектептерде пән есебінде оқытылуда.

Ә. Ысқақтың әндері теледидар мен радиода жиі орындалып жүр. 2001 жылы Тәуелсіздіктің 10 жылдығына орай Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі ұйымдастырған мемлекеттік рәміздерді насихаттауға арналған республикалық байқауда «Көк тудың желбірегені» атты әні лауреат атанды. «Соңғы вальс» әні 2009 жылдың ең үздік әні атанды. Бұдан бөлек «Көңіл қымбат», «Әнші қыз», «Іздеймін сені», «Бақыт жолы», «Ұмыт», «Елге сәлем», «Сағындым апа», «Жан әке», «Қазақ тілі» және т.б әндері көпшілік қауымның көңілінен шығуда.Сазгердің «Көңіл қымбат» (2008ж), «Досыма» (2009ж) атты ән альбомдары және «Жүректегі жазулар» атты жеке DVD дискісі жарық көрген.

Әкім Ысқақ Ордабасы ауданы негізсіз таратылып бара жатқанда да депутаттық өкілеттігін пайдаланып ауданды, Ордабасы атауын сақтап қалды. «Ордабасы ауданының құрметті азаматы», «Тіл жанашыры-2009» құрмет белгісімен және Президенттің «Алғыс хатымен», Монғолияның «Шыңғысхан» медалімен марапатталған.

Қазакстан комсомолы ХVII съезінің делегаты, Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің бюро мүшесі болып сайланды.

Ол өзі білім алған Абай атындағы орта мектепке қамқорлық жасап, оқушыларға жыл сайын өз атындағы степендияны беріп келеді. Мектепте бір сынып Ә.Ысқақ есімімен аталады.

Бүгінгі кеште белгілі өнер шеберлері: Байғали Момбеков, Жұбаныш Жексенұлы, Маржан Арапбаева, Досымжан Таңатаров, Әйгерім Қалаубаева және т.б. өнер көрсетеді.

Аталған іс-шараларды тамашалауға қоғам қайраткерлері мен елордалық ақын-жазушылар сондай-ақ телевизия және ақпарат құралдары өкілдері шақырылып отыр.