«Ақжайық» алдағы маусымда жергілікті ойыншыларға да баса көңіл бөлетін болады

Бұл туралы бүгін «Ақжайық» футбол клубының бас директоры Рашид Хуснутдинов мәлім етті.

Оның айтуынша, биылғы чемпионатта Орал футболының түлектері Николай Забродин, Руслан Қайыровтар алаңға сирек шықты. Сергей Шевцов мүлдем көрінген жоқ. Қазіргі кезде оралдық футболшылардың барлығы жаттығуға келіп, сынақтан өтуде. Олар қаңтар айында Анталияда өтетін оқу-жаттығу жиынында іріктелетін болады. Өңірдегі биылғы жылдың үздік спортшылары қатарында «Ақжайықтан» Қазақстан жастар құрамасының мүшесі Бауыржан Омаров, сондай-ақ 1994 жылғы шабуылшы Олег Тихомолов, 1996 жылғылар арасында ерекше көзге түсіп жүрген Иван Антиповтар аталып өтілді.

Командаға қазақстандық басқа ойыншыларды тартпау көзделуде. «Ақжайыққа» алты бірдей легионер ойыншы (оның біреуі камерундық Саджо Хаман қазірдің өзінде шарт жасасты) алынады. Сондай-ақ алдағы жиында бас бапкер мәселесі де шешіледі.

Бүгінгі баспасөз мәслихаты соңында футбол тақырыбын көрсетуге өз үлесін қосып жүрген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ардагер спортшылар марапатталды.