«Ақжайық» өз алаңында «Сұңқармен» тең тарқасты

Бірінші таймда қонақтар алаң иелеріне қарағанда, ширағырақ қимылдап, бірнеше рет қақпаға қауіп төндірді. Соның ішінде жас ойыншы Бауыржан Тұрысбек сәл мүлт кетпегенде, доп қақпада тулап жатар еді.

Ойынның екінші кезеңінде оралдықтар сапындағы камерундық легионер Саджо Хаман соққан доп қонақтар қорғаушысының қолына тиіп, төреші он бір метрлікті нұсқады. Белорусьтік легионер Игорь Зенькович айып добын дәл орындап, биылғы маусымда соққан гол санын 4-ке жеткізді. Мергендік жөнінен ол «Тобылдың» Бауыржан Жолшиевімен бірге көш бастап келеді. Алаң иелері есеп ашқаннан кейін көп ұзамай-ақ қонақтар қақпасы тағы да нысанаға алынды. И.Зеньковичтің тепкен добын «Сұңқардың» қақпашысы Андрей Пасеченко кейін қайтарды. Кері серпілген допты Максим Азовский қайта ұрғанда, қақпашы тағы да жылдамдық танытты. Сөйтіп өз қақпасын аман алып қалды.

Матч аяғына таман, 81-минутта төреші енді алаң иелерінің қақпасына пенальти белгіледі. Бұл допты Милош Адамович шебер орындады. Владимир Гулямхайдаровтың шәкірттері бұдан кейін де алға ұмтылумен болды. Тіпті Әлібек Бөлешев соққан доп қақпа бағанасына тиіп, алаң иелерін жеңілістен құтқарып қалды. Сөйтіп «Ақжайық» ұтады деп үміттеніп келген жұрт тең ойынға шүкірлік айтып, тарқасты.

Словак маманы Йозеф Шкрлик жаттықтыратын оралдықтар келесі ойынын 8 сәуірде Қызылордада биылғы маусымда бірде-бір ұпайға қол жеткізе алмаған көш соңындағы екі команданың бірі «Қайсармен» өткізеді. Содан кейін 15 сәуірде «Ақтөбені» қабылдайды.

«Ақжайық» әзірге жеті ұпаймен төртінші орында келеді.