«Ақжайықтың» екі ойыншысы құрама командалардың қатарына шақырылды

«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметінен Арсен Ғұбашевтің ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, команда шабуылшысы Николай Забродин Қазақстан жастар құрамасының сапында ойнайтын болды. Еліміздің жастар командасы қыркүйектің 2-7-сі аралығында Минск қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп, сонда Украина мен Беларус құрамаларымен жолдастық кездесуде күш сынасады.

Сондай-ақ «Ақжайықтың» жартылай қорғаушысы Виктор Комленок Молдова ұлттық құрамасына шақырылып отыр. Молдовалықтар да тамыздың 30-ынан бастап шеберліктерін ұштап, 2012 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде Финляндия, Венгрия құрамаларымен кездесуге дайындалатын болады.