Ақжарқын Тұрлыбайдың адвокаты бас прокурордың орынбасарына жауап берді

"Бүгін өткен брифингте бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов қорғаушы тараптан Ақжарқын Тұрлыбайды елге ауыстыру туралы өтініштің түспегенін хабарлады. Осыған орай, 2016 жылы Ақжарқын Тұрлыбайдың адвокаты ҚР бас прокуратурасы мен сыртқы істер министрлігіне хат жазып, Ақжарқын Тұрлыбайды елге қайтаруға бастамашы болғанын хабарлаймыз", - деді Нұрмағамбетов.

Айтуынша, Қазақстанның ҚХР-дағы елшісі болған Шахрат Нұрышевтің ресми хаты да осы ақпаратты растай алады. Бұл жайында бұқаралық ақпарат құралдары да жазды.

"Одан кейін сот кезінде қорғаушы тарап Қазақстанның бас прокуратурасы мен сыртқы істер министрлігіне өтініш жіберді. 2020 жылы да осы іспетті өтініш жолданған болатын", - дейді Нұрмағамбетов.

Айта кетейік, бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов Ақжарқынды экстрадициялауға болатынын жеткізді. Себебі соттың үкімі заңды күшіне енді.


Енді Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімнің негізінде Тұрлыбайды елге қайтаруға болады. Ол өз елінде жазасын өтей алады. Бірақ Ақжарқынның өзі жазасын Қазақстанға өтеуге келісім беріп, жазбаша өтініш беруі керек. Бас прокурордың орынбасары ондай өтініштің түспегенін мәлімдеді.