"Қазақстанның "Ақжол" демократиялық партиясы ҚР Орталық сайлау комиссиясы жария еткен мәжіліс сайлауының алдын-ала қорытындысын мойындамайды", - делінген партияның орталық кеңесінің төралқасы таратқан мәлімдемеде.
Партия өкілдері жергілікті жерлердегі атқарушы билік органдарын "билікке деген сенімнен айырған дағдарысты" жақындата түсті деп айыптап, сайлау барысында "сайлау заңнамасын өрескел бұзу деректері көп тіркелді" деп мәлімдеуде. Осыған байланысты "Ақжол" партиясы "дауыс беру қорытындысына қатысты ресми мәліметтер халықтың шынайы таңдауын көрсете алмайды" деген пікірде.
"Ақжол" партиясы дауыс беру қорытындысын тексеру үшін арнаулы комиссия құруды талап етеді. Бұл ретте партия "сайлау нәтижесіне қарсылық білдіру жөніндегі конституциялық құқығы, сондай-ақ, республика заңнамасымен рұқсат берілген басқа да азаматтық наразылық білдіру түрлері бар екенін алға тартады", делінген құжатта.
Еске сала кетейік, Орталық сайлау комиссиясы жария еткен алдын-ала мәліметке сәйкес, "Ақжол" партиясы үшін 18-тамызда өткен сайлауда 192 155 сайлаушы, немесе, 3,27% дауыс берген. Сөйтіп, партия сайлауда жеңіске жетуге қажетті 7 проценттік кедергіден өте алмады.
Ал халықаралық байқаушылар Қазақстанда өткен сайлауға оң баға беріп, оны заңды және ашық деп таныды. Атап айтсақ, ТМД байқаушылары "сайлау елімізде қолданылатын сайлау заңнамасы нормаларына, жаппай мойындалған демократиялық сайлау өткізу және оны ұйымдастыру көзқарастарына сай деп таныды". Шанхай ынтымақтастығы ұйымының байқаушылары да осындай пікір білдірді: "сайлау заңды, еркін, тұтастай алғанда ҚР ұлттық заңнамасы мен ел қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сай". ЕҚЫҰ сарапшылары да жалпы алғанда өткен сайлауға оң баға берді.