"Ақжол" партиясы мәжіліс депутаттығынан үміткерлердің тізімін бекітті; оған 114 адам енді

Өткен жексенбіде болған Қазақстанның "Ақжол" демократиялық партиясының кезекті 7-ші сьезінде партиялық тізім бекітілді. Оған партияның жетекшілері Әлихан Бәйменов, Людмила Жуланова, Бурхан Нұрмұхамедов пен Мақсұт Нәрікбаев басқарған 114 адам енді. "Партия жетекшілерімен қатар тізімге Амангелді Айталы, Владимир Шокарев, Мырзагелді Кемел, мәдениет пен өнер қайраткерлері Исраил Сапарбай, Ханбибі Есенғарақызы, Ибрагим Исаев, заңгерлер Сергей Ударцев, Еңлік Нұрғалиева, Қазақстан экономистері қауымдастығының төрағасы Арыстан Есентүгелов сынды адамдар енген", - деді Ә. Бәйменов.

"Сөйтіп, біздің тізімге халықтың кең ауқымды бөлігінің, түрлі аймақтардың өкілдері енген, біз гендерлік теңдікті де жеткілікті деңгейде қамтамасыз етуге тырыстық, ұлттық құрамымызға келсек, біздің тізімде 10 ұлт өкілдері бар", - деді партия жетекшісі.

Ә. Бәйменовтың айтуынша, сьездің алдында екі отырыс болған. "Алдымен "Әділет" партиясының отырысы өтіп, онда қайта құрылу және "Ақжол" партиясымен бірігу туралы шешім қабылданды, ал "Ақжолдың" отырысында "Әділет" партиясының саяси кеңесінің барлық мүшелерін "Ақжол" партиясының орталық кеңесінің құрамына толық қамту туралы шешім шығарылды", - деді Ә.Бәйменов. Оның айтуынша, "сондай-ақ, "Әділет" партиясының жетекшісі Мақсұт Нәрікбаев орталық кеңестің төрағасы және "Ақжол" партиясы жетекшісінің орынбасары болып сайланды.

Оппозициялық "Ақжол" мен президентті жақтаушы "Әділет" партияларының бірігу себебі неде деген журналистер сауалына "Әділеттің" бұрынғы жетекшісі Мақсұт Нәрікбаев партияға президентті жақтаушы деген атауды БАҚ-тар бергенін атап өтті. Оның айтуынша, бастапқыда демократиялық партияның, артынан "Әділеттің " бағдарламасында "партияның билікке де, оппозицияға да оппонент болатыны ашық айтылған, демек ол оппозициялық көзқарастағы партия деген сөз". "Біз өзімізді ешқашан президентті жақтаушы партия деп санағамыз жоқ", - деді М. Нәрікбаев.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті