Әр үйдің өз шоты болады – ПИК жұмысына қандай өзгерістер енгізіліп жатыр

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлады.

 «Өздеріңіз білетіндей, біздің елімізде «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мәселелері бойынша заң» қабылданып, тиісті нормалар күшіне енгелі жатыр. ТҮКШ дегенде ең алдымен, ПИК жұмыстарына қатысты шағымдар өте көп болатын. Себебі ПИК жұмысты бастан аяқ өзі атқаратын. Яғни, ПИК жұмысты өзі жасап, нәтижесін қабылдап, атқарылған жұмысқа өзі баға беріп, жиналған ақшаға сай тиісті төлемдерді жүргізіп отыратын. Сол себепті мүлік иесі мен қызмет көрсететін компанияның құқығының ара жігін ажыратып алу керек болды. Тұрғындар өзіне қызмет көрсететін компанияның жұмысына көңілі тола ма, жоқ па – пікірін білдіре алады. Осыған байланысты әр үйдің өз шоты болу керек деген шешімге келдік. Яғни, мұндағы жүйе бір шот – бір үй – бір басқару органы бойынша құралады», - деді Қайырбек Өскенбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. Вице-министрдің айтуына қарағанда, бұл ретте басқару формасы екі түрлі болады. Яғни заңды тұлға да, заңгерлік білімі жоқ адам да жетекшілік жұмысты атқара алады. Себебі 4 немесе 6 пәтерден ғана тұратын үйлерде заңгерлік білімі бар адамдар табылмауы мүмкін. «Көппәтерлі үйлердің тұрғындары басқарудың екі формасын өзі таңдай алады. Яғни, оларға басқарушы компанияны жалдап ала алады. Болмаса базалық дағдысы бар адамды өздері сайлап, өз үйлерін басқара алады», - деді ол. Заң бойынша тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмысының тәртібіне де жаңа нормалар енгізілген. «Біріншіден, бұл бағытта алдағы екі жыл үшін республикалық бюджеттен 30 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Жергілікті атқарушы органдар шұғыл күрделі жөндеуді талап ететін тұрғын үйлер бойынша жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуі керек. Осыдан кейін аталған үйлердің тұрғындарымен келісім жасалады», - деді ол. «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мәселелері бойынша заң» қабылданып қойған. Алдағы екі айдың ішінде тиісті жұмыстардың бәрі үйлестіріліп, наурыз айынан бастап осы заң тәртібі бойынша тиісті жұмыстар басталады.