Әр заманның өз Ақ тырналары болады екен - Айгүл Орынбек

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

"Әр заманның өз Ақ тырналары болады екен.

Тоқсаныншы жылдары халықты жаппай жинап алып, Сары, Ақ әулиелер сандалтқан еді…

Қазір коуч, психолог, гений деп өздерін түрлі атпен атап алған алаяқтар халықты дүбәрә қылуда! Басында халық бұндай дүниелерге сенбейтін шығар деп немқұрайлы қарайтын едім.

Алданғандар жаза бастаған соң, біздің халықтың әсіресе қазақ әйелдерінің санасыз екенін түсіндім.

Айгүл Орынбек осы уақытқа дейін тез баюды үйрететін курстарға сенетіндер жоқтың қасы деп ойлағанын айтады.

"Жасыл шұлыққа сеніп ақшасын көбейтемін, жұмыртқаны тұрғызып байлық энергиясы келеді деген далбасаға кім сенеді деп ойлаушы едім. Сөйтсем бізде көзі ашылмаған, оқымағандар көп екен ғой! Мақауларды алдау оңай, коучтарды тыңдағанша Абай Құнанбаевтың қара сөздерін, Карл Маркстың "Капиталын" оқы! Абай атамыз: "Еріншекке мал жоқ" екенін ашық айтып кеткен.

Неге сен ақша беріп біреудің ақылын сатып аласың? Сонда өзіңнің миың жоқ па? Жалқаусыңдар, тез байығыларың келеді, ақша уф етіп түсе салса, содан жеңіл жол таңдайсыңдар!

Ақша жеңіл жолмен келмейді, жеңіл жолмен табылған ақшаның берекесі болмайды. Сырты жылтырап, әдемі сөйлегендерге сенбеңдер, олар сендерді алдау үшін өздерін бақытты көрсетеді.

Шындап келгенде олар өздерін айнадан көруге жиіркенеді! Олар халықты алдап тұрғанын іштей біле тұра, өз нәпсілерін тыя алмай ақшаның соңында кеткендер! Халық “ақша жоқ” десе, "кредит алып оқы, солай баюға болады", деп онсыз да қиналып отырған халықты қарызға батыру ол имансыздық!", - деп жазды ол.


 Халықты байытамын деп жүріп, армандап жүрген жәнаттарың тозаққа айналмасын! Құдай халықты жылатып, қарызға кіргізгендерді жұмаққа кіргізбейді!", - деп жазды желідегі парақшасында.