Бұл шара Шешенстанның бірінші президенті Ахмат Қадыровты еске алуға арналған болатын. Al Jazeera ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, Әріпи өзінің Twitter парақшасында конференцияның өзіне ұнамағанын айтты.
Аталған агенттіктің ақпараты бойынша, саудиялық профессор Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровты «кәпір» деп атап, оның барша мұсылмандар үшін ислам жауы болып табылатынын айтқан.
Сонымен қатар, оның ойынша, егер Қадыровтың қаны жерге төгілсе, бұл бүкіл мұсылман әлемі үшін тек нұр үстіне нұр болмақ.
EADaily еске салуы бойынша, Грозный қаласындағы конференцияға барша Ресейлік мұсылман көшбасшылары жиналып, «Грозный пәтуасын» қабылдаған болатын. Онда сүнниттік исламның қай бағыты шариғатқа сай, ал қайсысы бұрыс ағым болып табылатыны айқын көрсетіледі. Пәтуада сүнниттік исламның тек 4 ағымы (мазхабасы) бар екені айтылған. Олар: ханафиттік ,шафииттік, мәлікиттік және ханбалиттік.
«Біздің жолымыз – пайғамбардың шариғат жолы. Кімде-кім бұдан бас тартса, сол бұрыс жолға түсіп, ешқашанда жаннат рахатын сезінбейді», - деп жазылған пәтуада.
Одан бөлек «Грозный пәтуасы» бойынша ДАИШ, «Мұсылман ағайындар», «Хизб ут Тахрир» ұйымдарымен қатар жалған исламдық секталар қатарына салафиттер мен вахабиттер жатады. Әріпи секілді өзінің қарсы ойын білдірген тағы да бір саудиялық азамат, жазушы Мұхаммад әл Шейх болды. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Грозныйдағы конференция «Ресей мен Ирандық барлау агенттіктерінің қадағалауымен өтті» деп жазды.
Еске сала кетейік, Мұхаммед бен Әбделрахман әл Әріпи бұған дейін де өзінің мұсылмандар мәселесіне қатысты ашық ойын білдіріп жүрген белсенділердің қатарында болған. Әсіресе, 2013 жылы Сириядағы заңды билікке қарсы джихадқа күллі мұсылмандарды шақырған болатын.