Алдымен неврология бөліміне, артынша құтқару бөліміне түсіп, кейін ауруханада емделген. Алайда миының зақымдануына байланысты баланың аяғы жұмыс істемей қалған. Ақ халаттылардың кеңесімен ол қазір «Қамқорлық» оңалту орталығында емделіп жатыр.
«Орталыққа келгеннен тура бір айдан соң балам жүре бастады, отыра бастады, адамдармен араласып, жағдайы жақсара бастады. Оның алдында ол ешкімді жақындатпай, араласқысы келмейтін еді. Қазір ортаға бейімделіп, өз бетімен жүретін дәрежеге жетті. Менің арманым - баламды бұрынғы қалпына толығымен қайтару. «Қамқорлық» оңалту орталығына алғыс айтамын, мұндағы мамандар балалармен жұмыс жасау әдістерін жақсы біледі", - деді ол.
Осы орталықта баласын емдетіп жатқан жандардың бірі Ақтоты Серікқызы баласының оқыс оқиғадан кейін осындай күйге түскенін айтады. Басында сөйлей алмаған. Бірақ екінші реабилитациядан кейін жүре бастапты. Орталық мамандарының көмегімен оның жағдайы күннен-күнге жақсарып келеді. Дәрігерлер баланың денсаулығына алаңдамауға және уақытылы екпе алуға кеңес береді.
«Біздің орталық 1-18 жас аралығындағы балаларға медициналық және психологиялық көмек көрсетеді. Соңғы кезеңде жақсы нәтиже көрсеттік. Бізге келген балалар жүре бастады, отырады, жұмыс істей бастады, сөйлесе бастады. Өткен жылы 900 бала оңалтудан өтіп, 20 бала өз бетімен жүре бастады», – дейді Атырау қаласындағы «Қамқорлық» оңалту орталығының меңгерушісі Гүлнар Мейрамова.
Инклюзивті дамыту бойынша «Қамқорлық» жобасы 2019 жылы басталған. Бұл жоба «Нұрсұлтан Назарбаев» қорының бастамасымен жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта елімізде 15 оңалту, 14 ерте араласу және 6 «Қамқорлық» орталығы және 16 инклюзивті қолдау кабинеті жұмыс істейді. Биыл тағы 6 ерте араласу орталығы, аутизм және басқа да когнитивті бұзылыстары бар балаларға арналған 3 орталық ашылды.