Аралда ауыл тұрмысымен таныстыратын жоба жүзеге асады

Авторлардың пікірінше, идея қалада өскен балалар мен жасөспірімдерді ауылдың тұрмысымен таныстыруға бағытталған. Жоба ұлттық дәстүрді, мәдениет пен тілді дамытуға, халқымыздың құндылықтарын сақтауға ықпал етеді.

Бұл үшін ұйымдастырушылар «Қамбаш» балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығының базасында жазғы лагерьді жоспарлаған. Қалада қазақ дәстүрі, мал шаруашылығы, балық аулау және ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындауға қатысты шеберлік сыныптары өтеді.

Сонымен бірге, ауылға сапар туралы бейнероликтер, стримдер мен влогтар байқауы өткізіліп, қолдан жасалған бұйымдар көрмесі ұйымдастырылады.

Жоба барысында қала жастары ауыл тұрмысымен, мәдениетімен, дәстүрімен, еңбегімен танысады. Қыздарға нан пісіру, бауырсақ пісіру, сүт өнімдерін дайындау, киіз басу үйретілсе, ал ұлдар ағаш кесу, қамшы өру, суару, мал жаюға машықтанады. Асық ату, бестас, тоғызқұмалақ және т.б. ұлттық ойындар да өткізіледі. 

Авторлардың айтуынша, ауыл өміріне араласу арқылы балалар еңбек етуді үйренеді, бұл олардың жан-жақты дамуына, жаңа дағдыларды игеруге септігін тигізеді. Сонымен қатар, қатысушылар Арал өңірінің көрікті жерлеріне, Барсакелмес қорығына, су қоймаларына барып, экологиялық білімнің де толықтырады. 


Ең бастысы, бұл балалар мен жасөспірімдерді кәсіптік бейімдеуге баулиды. Қазірдің өзінде гидротехник, агроном, ихтиолог, ветеринар сияқты мамандықтармен жақын танысты. 

Жалпы «Арал әйелдері» ҚБ бастамасы жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мен өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезімді ұялатуда таптырмас іс-шара.