Арақсатуды15 сағатқа шектеген Қаржы министрі ащы судан ұрттап қоятынын жасырған жоқ

Бақыт Сұлтанов алып келген ащы судың саудасын реттеу туралы заң жобасы бүгін депутаттардың делебесін қоздырды. Арақ дегенде алдына жан салмаған халық қалаулылары да ағылып сөйледі. Ал, заңды қорғауға келген Қаржы министрі алдымен әр отандасымыздың қанша литр арақ ішетінін дәл осылай қолымен көрсетті.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

-Елімізде әр азамат жылына орташа есеппен 5,5 литр таза этил спиртін немесе 11 литр арақ  тұтынады. Нәтижесінде Қазақстан Орта Азия өңірінде ең көп ішетін ел болып есептеліп тұр.....

Министермен қоса, депутаттар да ду күлді. Бірақ езуі жиылмаған  әріптестерін Алдан Смайыл тыйып тастады.

Алдан Смайыл, Мәжіліс депутаты:

- Министр жаңа айтты ғой Қазақстан Орталық Азияда ең көп ішімдік iшетiн ел деп. Соған бiз күлдiк. Оған күлмеу керек ағайындар, жылау керек .

«Жылайтын» арақ алпауыттары. Өйткені заңның талабы қатал. Бұдан-былай спирттік ішімдікті жасырын жарнамалаған кәсіпкерлер  жазаланады. Енді кешкі 9-дан күндізгі 12-ге дейін дүкендерде спирттік ішімдік саудалауға болмайды. Тек арақ сатуға мейрамхана мен кафелерге рұқсат етілген. Бір қызығы мектептер мен балабақшалардың қасында арақ-шарапты еркін сатуға рұқсат беріліп отыр. Яғни 100 метр қашықтық деген талап алынып тасталды. 


Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты:

-100  метр болсын, болмасын арақ  ішем деген адамның аузын ешкім буа алмайды. Бұл жемқорлық жайлаған жүйе. Мемлекеттік органдардың қашықтықты ойына келген жерден өлшеп, жасырын табыс табу үшін енгізіп алған нормасы болатын. Қазірдің кез-келген мектептің іргесінде арақ сататын дүкендер бар.

Онсызда ащу су шығаратын зауыты көп елімізде бұл шектеулердің қаншалықты тиімді боларын ешкім айта алмайды. Ал, бүгін депуттардың көбі ішімдік ішуді азайттық десе, Қаржы министрі қанша грамм ұрттап қоятынын жасырған жоқ.

-  Өзімнің ішкенімді ме?

-Мен тек мерекелерде, қонақта ғана ішем ғой.

- 5 литрге жетпей ме?

- Жоқ, ондай ішу қайда, мүмкіндік жоқ қой.

-Арақ саудасына қатысты депутаттар сол күйі ортақ пікірге келе алмады. Тіпті заң жобасын кері қайтаратындай мінез танытқан. Алайда, кейін құжатты бірауыздан мақұлдап жіберді. Ал  Қаржы министрі Мәжілісте айтылған сын мен ұсынысты ескеретіндерін айтып ақталды. Себебі мұндай шектеулерден соң арақ зауыттары жаппай банкротқа ұшырауы мүмкін.