Арақ-шарап зауыты мен салық қызметкерлерінен құралған қылмыстық топ құрықталды - ОҚО

Экономикалық және жемқорлық қылмысқа қарсы күрес агенттігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, топ құрамындағы 17 адамның ішінде Шымкенттегі арақ-шарап өнімдерін шығаратын «Тұтынушы» ЖШС, «Vin House» ЖШС, «Фиркан» ЖШС басшылары мен қызметкерлері, Сайрам аудандық салық басқармасының лауазымды қызметкерлері де бар.

Тексеру нәтижесінде белгілі болғандай, алкоголь өнімдері құю цехтарынан шығарылған жасырын құбыр арқылы құйылып келген. Содан соң есепке алынбаған өнімге жалған марка жапсырылып, кәсіпорынның ел аумағындағы сауда нүктелеріне шығарылған.

Қылмыстық топ заңсыз өнімді тасымалдаудың да амалын тауып, өнімдерді алкогольсіз сусын ретінде рәсімдеген. Сатылған өнімнен түскен табыс кәсіпорын қызметкерлерінің есеп-шоттарына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылғаннан кейін топ мүшелерінің арасында бөліске түскен, - делінген хабарламада.


Ал, «Vin House» зауытындағы лауазымды тұлғалар мұны біле тұра көз жұмған. Бір жарым жыл ішінде ұйымдасқан қылмыстық топ 26,5 млн бөтелкеден астам заңсыз алкоголь өнімін шығарып, 2,5 млрд теңге пайда тапқан. Салдарынан бюджет 1,5 млрд теңге салықтан қағылыпты.