Arcelor Mittal компаниясының басшылары мен "Қорғау" көмір кеншілері кәсіподағы арасында келісімге қол қойылды (толықтырылған нұсқасы)

Оның айтуынша, кеншілердің еңбек ақысын 50 пайызға көтеру жөнінде келісімге қол жеткізілді. Алайда, М. Мирғаязов атап өткеніндей, еңбек ақы сараланған түрде беріледі.

Сонымен қатар, бизнес-жоспар қайта қаралып, көмірдің өзіндік құны барлық шығындарды қамти отырып есептелмек. Бұл мәліметтерді компания басшылығына шахта экономистері беретін болады. Сосын осылардың барлығын есептегенде, көмірдің өзіндік құны шықпақ. Бұрын ол әр тоннасына 22,78 долларды құраған еді. Алайда ол бұған жалақы тікелей тәуелді болғандықтан кеншілерді қанағаттандырмауы себепті олар өзіндік құнды тоннасына 60 АҚШ долларына дейін көтеруді өтінген болатын.

Кәсіподақ төрағасы хабарлағандай, жоспардың орындалу деңгейіне қарамастан компания кеншілерге кепілдік жалақыны төлеуге міндеттелді. Кесім кеншілері (тазалау забойының кешілері, электр слесарлері) шамамен 115 мың теңге алатын болады.

Сондай-ақ, келіссөздер кезінде аурулық қағазын төлеу мәселесі шешілген. Егер де бұрын кеншілерге заң бойынша 10 АЕК көлемінде төлеп келсе, енді компания оған қоса тағы 10 АЕК төлеуге міндеттелді.

"Биылдан бастап барлық шахталарда міндетті түрде екі лавадан болады. Бұл лаваға түсетін салмақты азайтып, оларды қауіпсіздеу етеді. Бұл үкіметтік комиссияның актісінде кеңес ретінде көрсетіледі. Бұл, сөз жоқ, орындалады", - деп хабарлады кеншілердің "Қорғау" кәсіподағының төрағасы.

Оның айтуынша, кеншілердің зейнетақы жасын төмендету жөніндегі талабы да талқыға түспек. Бұл үшін арнайы жұмыс тобы құрылады. "Кеншілердің 50 жасында зейнетақыға шығу мәселесінде кәсіподақтар үкіметпен және парламентпен қатар жұмыс істейтін болады", - деді М. Мирғаязов.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Қарағандыда 24 қаңтарда кеншілердің "Қорғау" кәсіподағы және ArcelorMittal компаниясының басшылары арасында келіссөздер басталған болатын.

Келіссөздер кезінде кеншілердің бірқатар алдыға қойған талаптары қарастырылды. Онда еңбек ақы мөлшерін 50 пайызға көтеру, 50 жаста зейнеткерлікке шығу, денсаулығының нашарлауына байланысты еңбекке жарамсыз қағазы бойынша төлемақыны 100 пайыз төлеу, шахталардың қатты газдандырылуынан лава жүктемесіне артылар салмақты азайту, шығарылатын көмірдің жоспарлық өзіндік құнын 60 АҚШ долларына көтеру жөнінде мәселелер қарастырылды. Ал еңбек ақы мөлшерін өсіру ең бірінші талөыланған басты мәселеге айналды.