Шараға қатысқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Чапай Әбутәліпов Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында қолға алынған игі істерге тоқталып, «Өмір жолы» жобасының мақсатымен таныстырып өтті. Сондай-ақ, ол республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі мен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының меморандумына сай «Еуразиялық Медиа Форум» және «Өмір жолы» қоғамдық қорларының, «Билайн» акционерлік қоғамы «Карт-Тел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қатысуымен қаңтар айында «Жеңіс» акциясының бастау алғанын жеткізді.
«Өмір жолы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Ернар Нұрбековтің айтуынша, денсаулығы нашарлап, бір оқыс оқиғаға тап болған жағдайда ардагер аталған телефондағы дабыл қағу тетігін басу арқылы орталықтандырылған оператор жүйесіне қосылады. Сөйтіп, Астана, Алматы, Қарағанды қалаларында орналасқан операторлар абонентке хабарласып, оған жергілікті жерден жеделдетіп көмек тобын жібереді. Тағы бір айта кетерлігі, операторға дабыл түскен бойда абоненттің жеке картасы мен оған қатысты барлық ақпарат шығатын болады. Тіпті, көмек алушының жақындары мен көршілерінің аты-жөндеріне дейін болады.
«Өмір жолы» қорының өкілдері қазіргі таңда Павлодар, Қарағанды облыстарының ардагерлері орталықтандырылған оператор жүйелеріне қосылып жатқанын жеткізді. Алғаш өткен жылдың мамыр айында іске асырыла бастаған жоба аясында жүздеген ардагерге көмек көрсетілген. Кең қолданыстағы жүйе бойынша енді ақмолалық майдангерлер де аталмыш телефондардың пайдасын көрмекші.