«1994 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына Айгүл Елшібаева, Айгүл Мақашева, Тоқтар Серіков, Мейрамбек Беспаев сынды өнер майталманымен бірге оқуға түстім. Музыкалық біліміміз болмаса да, бойымыздан қазақтың қаймағы бұзылмаған ұлттық өнерін байқаған ұстаздар кем-кетікке көз жұма қарады. Құдайға шүкір, қазір сол түлектердің барлығы киелі сахнада өнер көрсетіп, шәкірт тәрбиелеп отыр», - дейді халық және эстрада әндерін шебер орындаушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Балажанова.
Әлеуметтік желіде шығармашылығын үнемі жарнамалап отыратын өнерпаз 2018 жылы өзінің өнердегі төлқұжаты іспетті – «Қараторғай» әніне бейнебаян түсірген. Бұл әнге би ұжымдары көп билейтінін байқаған әнші балалар байқауын жариялаған екен. Былтырдан бастап Түркістан музыкалық драма театрының бас хормейстері қызметіне кіріскен Ардақ Байділханқызы енді ақпан айында өңірді аралап, киелі аймақта этноансамбль құрмақ. Мұны өзінің қазақ өнерінің дамуына қосқан үлесі, жас буынға деген қамқорлығы деп біледі.
«Арманға жету үшін адам бойында мыңдаған арман болу керек. Бала кезімізде «әке-шешемізге зәулім үй салып береміз, әжеме әдемі көйлек, орамал әперемін» деп армайтынмын. Үнді фильмін көп көргеннен бе, Үндістанға баруды қатты армандадым. Бір қызығы, 1997 жылы алғашқы гастрольдік сапарым Үндістаннан басталды. Н.Назарбаевты да көргім келетін. Кейін сол арманым орындалып, Президент оркестріне жұмысқа орналасып, 25 жылдай еңбек еттім. Талай тарихи сәтке куә болып, Елбасының батасын алдық. Балаға кішкентай кезінен армандауды үйретіп, еңбекке баулу керек. Күзде алқаптан сарымсақ теріп, ақша тауып, өлең жаттап, сыйлық алып өстік», - дейді Алматы облысы, Ұйғыр ауданы Сүмбе ауылының тумасы.