Дарынды қыздың еркше өнерге деген қызығушылығы қайдан пайда болды, ұстаздары кім, осы өнерге кім жетелеп әкелді? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын білу үшін Ақпейілдің өзімен және анасымен Caravan.kz медиа-порталының тілшісі сұхбаттасқан еді.
- Ең алдымен өзіңді толық таныстырып өтсең?
- Менің аты-жөнім Сағи Ақпейіл Аманғалиқызы.Жасым 14-те. Мен М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының 8-сыныбында оқимын.
- Тоқыма тоқуға неше жастан бастап қызықтың, не түрткі болды?
- Қолөнерге ерекше қызығамын. Қызығушылығымды шет тілі пәнінің мұғалімі Анаргүл Қожахметова оятты. Анаргүл апай барлық киімдерін өзі тоқып киеді. Тіпті пальтоларына дейін өз қолымен тоқып киеді. Соған қарап қызықтым. Ең алғаш 6-сыныпта оқып жүргенімде тоқуға керек заттар алып Анаргүл апайымнан үйрене бастадым. Сондай-ақ қолөнер үйірмесіне қатыстым. Үйірме жетекшісі Айгүл Нариманқызынан да тоқыманың қыр-сырын, әсіресе, тоқитын жіптерімнің түстеріне мән беруді, өзара үйлестіруді үйрендім.
- Ана-атаң тоқыма тоқу өнеріне бейімділігіңді қашан байқады?
- Ата-анам осы жылы ғана білді. Олар таң қалды және қуанды. Оларды көріп мен одан сайын шабыттана түстім.
- Өзіңді осындай керемет дүние жасай аламын деп ойлайтын ба едің?!
- Әрине, мен керемет дүние жасай алатыныма сенімді едім. Себебі мен жасаған әрбір затыма үлкен жауапкершілікпен қараймын. Және оны махаббатпен жасаймын. Бұдан да керемет дүниелер жасап шығатынма нық сенімдімін.
- Қазіргі таңда тапсырыс берушілер көп па?!
- Әрине, тапсырыс деген өте көп. Бірақ мен үшін ең бірінші сабағым маңызды. Сабақтарымды бітірген соң барып тоқимын немесе тапсырыс қабылдаймын. Себебі, тоқыма бір жағынан адамның миын тынықтыратын болса, екінші жағынан бос уақытымды тиімді пайдаланамын. Бұрын мен әлеуметтік желіде өте көп отыратынмын. Ал қазір көп уақытым тоқумен өтеді.
- Айына қанша табыс тауып ата-анаңа көмектесесің?
- Негізінде ол тапсырыстың түсуіне байланысты. Сабақ уақытында аз тапсырыс аламын. Сол кезде шамамен 50-60 мың табыс табамын. Ал сабақтан тыс уақытта 100 мың теңгеден аса табыс болады.
- Болашақта да осы өнерді дамытқың келеді ма?
- Әрине, дамытқым келеді. Бұдан да үлкен заттар тоқығым келеді. Жаңа айтқанымдай сабақты бітірген соң киім тігуді үйреніп, бар зейінімді соған салғым келеді. Болашақта өзіме киім тоқып кигім келеді. Дамыту менің басты жоспарларымның бірі.
- Қолыңнан басқа не келеді, яғни неге қызығасың?!
- Менің бос уақытымда тоқудан бөлек сурет салумен және түрлі тәтті тағамдар пісірумен айналысамын.
- Үлкен болғанда кім болғың келеді?!
- Менің арманым болашақта интерьер дизайнері болғым келеді. Ағам Ақниет ЕҰУ-де құрлыс-сәулет факультетінде оқиды. Екеуміз бірігіп жобалар жасағымыз келеді. Ата-анамызға үлкен үй салып бергіміз келеді. Армандарымыз өте көп.
Жас шебердің қолынан шыққан мультфильм кейіпкерлері мен қуыршақ үлгісіндегі жануарларды интерьер үшін де алатындар бар. Табысты оқушы қазірдің өзінде өз қаржысына диван, жоғары жылдамдықтағы велосипед және жұмыс жасауына ыңғайлы шағын кресло сатып алған.
Ақпейілдің анасы Мейрамгүл Қадырбайқызы қызын табыс табуға ешқашан мәжбүрлемегенін, өз қызығушылығынан туындаған нәрсе екенін қуана жеткізді.
- Мейрамгүл ханым, мынаны айтыңызшы Ақпейілге тоқыма-тоқу сізден дарыған ба әлде әкесінен бе?!
- Шынымды айтсам меннен дарыған деп айта алмаймын. Өйткені, менің тоқыма тоқуға икемім жоқтау. Нағашы әжесінен ген арқылы келген сияқты. Менің анамның жасы 65-тен асып бара жатса да тоқыма тоқумен айналысады. Кішкентай кезінде әжесіне барғанда тоқыған заттарын көріп қызығып айтып келетін. Әжесінің тәрбиесін де алды. Жалпы тоқыма тоқу үлкен жауапкершілікті талап етеді ғой. Ақпейілдің әкесі Аманғали өте жауапкершілі мол кісі. Белгілі бір затты жасағанда рет-ретімен жасайды. Алған бетінен қайтпайды. Осы жақтары әкесіне ұқсап кеткен. Тіпті Ақпейілдің атын да әкесі өзі қойған.
- Ақпейілдің осындай керемет дүниелер жасайтынын қашан байқадыңыздар?!
- Осы биыл 7-8 сыныпта байқадық. Бұл нәрсе, бұл еңбек бірден келмейді ғой. Кішкентай кезінен бастап қызығып, үздіксіз еңбектеніп, дайындалып одан кейін ғана тоқып бастаған. Өте зерек, бір көрген затын ешқашан ұмытпайды. Осы наурыз айынна бастап барлық бос уақытын тоқуға арнады. Өзінің сыныптастары сияқты әлеуметтік желіде отырады ғой, дегенмен соңғы уақытта ол тек тоқыма ісі қалай жасалады немесе басқа да тоқу түрлерін іздеп көреді, тек пайдалы заттар көріп жүргенін байқап жүрмін. Ол мені қатты қуантады.
- Әдетте бала ата-анасына қалауын айтса шектеу қойып жатады. Сіздер қойған жоқсыздар ма?!
- Негізі біз Ақпейілдің әкесі екеуіміз дәрігер болғанын қаладық.Біздің көңілімізге қарап 6-сыныпқа дейін дәрігер боламын деп айтатын. Енді осы7-8 сыныптан бастап өз қалауын айтып дизайнер болатынын айтуда. Енді тоқыма өнеріне келген кезде әкесі бірге барып, арнайы уақыт бөліп бірге жіп таңдап, екеуі ақылдасады. Немесе инстаграмда жаңа жіптер келіп жатса әкесі тапсырыс беріп алдыртып алып келеді қызына. Әкесіне қатты жақын Ақпейіл. Сол себепті біз Ақпейілді үнемі қолдаймыз. Ешқашан қарсы болған емеспіз. Соңғы уақытта әкесі екеуі киім тігетін машина қарап жүр екен. Бірақ ол Қазақстанда жоқ, тек Ресейде екен. Үй жағдайында киім тігуге керемет құрал екен. Біздің ақшамен есептегенде 2 миллиондай. Әкесі осы кәсіппен айналысатын болсаң, жаның қаласа машинаны алып беремін деп уәде етті.
- Қазір сабақ онлайн, ал Ақпейілдің кәсіби қалай болып жатыр?
- Иә, қазір онлайн форматта сабақ оқып жатыр ғой. Дегенмен де ұстаздарын, сыныптастарын сағынады. Мектепке барғысы келеді. Сабақты міндетті түрде бірінші орынға қояды. Сабақтан бос уақытында кәсіппен айналысады. Кәсібі жақсы жүріп жатыр көз тимесін. Жақында шетелдік бір марафонға қатысты. Әлеуметтік желіде топтары бар сол топта 300-ге жуық адам отырады. Барлығы тоқыма-тоқуға қызығатын жандар. Білуімше ең кішкентайы біздің Ақпейіл.
- Ақпейілдің табысын сіздерге беріп отырады ма әлде өзі жинайды ма?
- Ақпейілдің өзінің қойын кітапшасы бар. Соған барлық кіріс-шығысын жазып отырады. Мысалы 10 мың теңгеге жіп алса, сол жіптен қанша қуыршақ тоқып шығарады бәрін-бәрін жазып отырады. Жіптерінің ақшасын тапқаннан кейінгі табысты пайда деп есептейді. Алғаш өзіне жылдамдықпен жүретін велосипед сатып алды. Өз киімдерін өзі алып сіздерге салмақ түсірмейін деп ойлайды. Енді жақсы бір ноутбук алуға қаражатын жинап жүр. Біз оны табыс табуға ешқашан итермелемейміз.
- Тапсырысқа үлгермей қалатын кездері болады ма?
- Иә, соңғы уақытта тапсырыс өте көп. Бірақ Ақпейіл тек бос уақытында тапсырыс алып жүр. Кейде айтады "мама қасыма екі-үш қыз алып, оларға үйретіп, бірге жұмыс жасасақ қалай болар екен" деп. Ұжым болып, ынтымақтасып жұмыс жасау ұнайды қызыма. Бір жағы олар дәл мен сияқты жасай ма екен деп те ойлап қалады. Өйткені тапсырыс берген адамның қалауындай орындауы тиіс қой. Жауапкершілікті өте жоғары орынға қояды. Жалпы тоқыма тоқу өнері математиканы, есеп қисапты талап ететін жұмыс қой. Сол себепті қызым бәрін жіті қадағалап ,бақылап жауапкершілікпен қарап отырады.
Ақпейілдің анасының инстарамдағы парақшасы. https://www.instagram.com/aikon_knit_/