Армения сәуірдің ортасына қарай Кеден одағына кіруге дайын болады

Армения сыртқы істер министрі Шаварш Кочарян мәлімдеді.

«Сәуірдің ортасына дейін біз Арменияның Кеден одағына кіруі жөнінде «жол картасында» қаралған қадамдарын жүзеге асыруды аяқтаймыз», деп Ш.Кочарян сенбі күні баспасөз мәслихатында атап көрсетті.

Оның мәліметі бойынша, республиканың Кеден одағына кіруі туралы келісім Кеден одағының қалған мүшелерімен келіскеннен кейін Армения парламентінің ратификациясына ұсынылады.

Армения экономика министрінің орынбасары Карине Минасян Арменияның Кеден одағына қосылуы туралы мәселе Астанада 4 наурызда талқыланатынын, содан кейін 11 наурызда Мәскеуде Кеден одағы мен Армения елдері басшыларының кездесуі өтетінін мәлімдеді.


«Осы кездесулерден кейін Арменияның Кеден одағына кіруі туралы келісімді дайындау жұмыстары басталады», - дейді К.Минасян.