Арқалықта дауыл зардаптары жойылып, материалдық шығын көлемі есептелуде

Арқалық қаласы әкімшілігінен KZ-today тілшісіне хабарлғанындай, Арқалық қалалық ауруханасынан көмек сұрай барған 9 адамның екеуі ауыр жарақаттанған. Қазір олар ауруханада жатыр. Оларды ұзақ уақыт емдеу қажет болып отыр. Дәрігерлерге бір әйелдің аяғының басын кесуге тура келсе, екіншісі ауыр ми жарақатын алып, бұғанасы мен жіліншігі сынған.

Қалалық әкімшілік диспетчерінің айтуынша, қазір Арқалық қаласында зілзала шығындарын есептеуге тиіс арнаулы комиссия жұмыс істеп жатыр. Бірақ қазірдің өзінде шығын көлемі 110 млн. теңгеге жетеді деген дерек айтылуда.
Дауыл салдарынан 60-тан астам көп қабатты үйдің шатыры мен балкондары бүлінді. Арқалық түрмесінің шатыры жартылай қирап қалды. Пәтерлердің терезесі мен дүкендердің витриналары сынды.
Сондай-ақ, электр жалғастыру желісінің 30-дан астам бағаны құлады. Соның салдарынан қаланың кейбір аудандарында күні бүгінге дейін су қамтамасыздығы қалпына келтірілген жоқ.
Қалпына келтіру жұмыстарына қанша қаржы қажеттігі, олардың қандай көзден бөлінетіні туралы Арқалық әкімшілігіндегілер нақты мәлімет бере алған жоқ.