Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын.
Жан-жақтан ертелі кеш бұлттар келіп,
Жүреді біліп кетіп есен-сауын...», деп ақын Сәкен жырлағандай бүгінгі күні Ақмола облысының орталығы ауқымды жаңарту жұмыстарының нәтижесінде жасанып, жарқырап тұр деуге болады.
Әсіресе, М.Горький көшесінің Қопа көлімен ұштасатын тұсы тұрғындардың көп баратын сүйікті жеріне айналған. Мұнда аптаның қай күнін алсаң да халықтың қарасы көп, бірі әсем табиғат аясында серуендеуге келсе, енді бірі естелік суретке түсіп әлек.
Осы орайда, «ҚазАқпарат» ХАА-ның өңірдегі тілшісі Көкшетаудың әсем жерлерінен фоторепортаж ұсынады.
Биыл ақмолалықтар бүкіл ел болып, Көкшетау қаласының 190 жылдығын дүрілдетіп атап өткен болатын. Осыған орай жаңа сәулет ескерткіштері мен әсем нысандар бой көтеріп, қала жайнап шыға келді.
Сөйтіп, онда айдын бетінде әсем субұрқағы бірнеше метр биікке көтеріліп, ыстық күндері жағалауда тұрған адамдардың жан сарайы, бет-жүзін салқын леппен сергітіп тұратын айшықты субұрқақ орнатылды. Оған жақын, қолайлы бір тұсқа ұлттық нақышта дем алушыларды күн көзінен қалқалайтын орын жасалып, келген адамдар айналадағы әсем көрініске осы арадан сүйсініп отыратын болды. Оның жанында анадай жерде құстар мүйісі орын теуіп, көпшілік табиғат аясында тап бір солармен қауышқандай әсерге бөленуін айтсаңызшы.
Көше жиегіндегі әдемі ыдыстарға өсірілген сан алуан гүлдер де көңіл хошын келтіріп, осы бір тұсты жайнатып жібергені тіпті керемет. Тап осы арадағы жаңадан салынған қан орталығы, атауы мемлекеттік тілде жазылып қойылған теннис орталығы ғимараттары, басқа да түрлі-түсті реңмен көз жауын алатын еңселі көпқабатты үйлер, жаяу жүргіншілер үшін бедертасы мен асфальты жарқыраған көшенің өзінің мұнтаздай тазалығы қиял құсын аспанға шарықтатқандай.
Содан болар, демалыс күндерін былай қойып, жай күндердің өзінде осы жерден кісі қарасы үзілмеуге айналды. Көкшетаулықтар мен қала меймандары көптеп келіп, жағалай лағыл моншақтарын шашқан субұрқақты тамашалайды, судан соққан майда самалға еркін тыныстап, дем алады. Олардың өздерін алысқа бармай-ақ, тап бір табиғаттың сұлу аясында жүргендей сезінерлері анық. Қалада отау құрып жатқан жас жұбайлар да тойларының алдында осылай қарай асығып, әсем көріністердің құшағында естелік суретке түсіп алуға құмар.
Көрікті қаламызда халықтың көңілінен шыққан осындай орындар одан сайын көбейіп, ел игілігіне қызмет ете берсе қандай жақсы.