"Арселор Миттал Теміртау" компаниясы барлық уәдені 30 күнде орындайды - Л. Миттал

"Біз шахтада болған оқиғаға қатысты қайғырамыз. Компания тарапынан берілген жәрдем жөніндегі барлық уәде 30 күнде орындалады", - деді Л. Миттал.

Оның айтуынша, кәсіпорындағы қауіпсіздік компания үшін басымдыққа жатады. "Қарағанды көмір бассейнінде көмір ісі бойынша ең білікті мамандар жұмыс істейді. Біз болашақта мұндай оқиғаға жол бермеуге жәрдемдесетін арнаулы топ құрдық. Бұл топ басқа шахталар мен көмір кәсіпорындарында болған қайғылы оқиғаларды жинақтап талдау мүмкіндігіне ие болады".

Қауіпсіздік техникасының сәйкестігі туралы сауалға Л. Миттал компанияның құрал-жабдықты жаңалау мен қауіпсіздік техникасын жақсартуға $350 млн көлемінде инвестиция жұмсағанын хабарлады. "Біз еңбек қауіпсіздігі жөніндегі мәселелер бойынша әлемдік сарапшы болып табылатын "Дюпон" компаниясымен ынтымақтастық орнаттық, біз олардың нұсқауларына құлақ асамыз және оларды толық орындамақ ниеттеміз",- деді ол.

"Осынау қайғылы оқиға менің жаныма батты, бұл бөтеннің трагедиясы емес, компанияның ауқымды ұжымының басына түскен қайғы. Компанияның дүниежүзіндегі барлық жұмысшы-қызметкерлері қайғымызға ортақтасып жатыр", -деді компания басшысы.

"Тиісті тұжырымды үкіметтік комиссия жасайды және біз оны толық орындайтын боламыз. Егер комиссия бұл апатқа себепші болған кінәлі адамдарды атайтын болса, ондайлар жазаланады. Бұл осы көмір разрезінде болған осымен үшінші қайғылы оқиға, соның салдарынан 100-ге жуық адам өлімге душар болды,- деді Л. Миттал.

Көмір департаментінің бас директоры Мұрат Перзадаевтың айтуынша, "куәгерлер апатқа себеп болған адами факторды жоққа шығаруда. Газдың көптігі, лаваның атылуы мен кездейсоқ метанның шығуы шахтадағы жарылыс пен өртке себеп болған". 1979 жылы осы шахтада тағы да жарылыс болып, сол кезде 7 кенші қаза тапты.

Бүгін апат салдарынан қаза тапқан екі кенші - 45 жастағы Берік Жайменов пен Сергей Скворцовты жерлеу рәсімі өтті. Жерлеу рәсіміне облыс әкімі Нұрлан Ныгматулин, Л. Миттал мен мәжіліс депутаттары қатысты.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 11 қаңтар күні таңертең 9 сағат 20 минутта "Арселор Миттал Теміртау" АҚ-ның көмір департаментінің "Абай" шахтасында 32К-10С учаскесінде метан жарылды. Жарылыс кезінде шахтада 191 адам болған. Қазір 14 адам Қарағанды мен Абай ауылындағы ауруханаларда жатыр. 30 адам қаза тапты.

"Арселор Миттал Теміртау" АҚ-ның басшылығы қаза тапқан кеншілердің отбасыларына 10 жылдық жалақысын төлеуге уәде берді. "Зардап шеккен 14 кеншіге бес жылдық жалақысы төленеді", -деді "Арселор Миттал Теміртау" АҚ-ның көмір департментінің экономика жөніндегі директорының орынбасары Василий Тельной.

Сонымен бірге, оның айтуынша, отбасыларға көмір тегін беріледі. Қажеттілікке қарай барлық отбасылардың мүшелеріне демалыс үйлеріне жолдама таратылады. Компания зардап шеккендердің туыс-туғандарын жұмысқа орналастыруға септігін тигізеді.

Сондай-ақ, оның айтуынша, компания "Евразия" сақтандыру компаниясымен келісім-шарт жасасқан, қазір "18 жасқа дейінгі және егер студент болса, 23 жасқа дейінгі асыраудағы жандарға сақтандыру төлемдерін төлеу" жөніндегі құжаттар дайындалуда. Бұған қоса компания қаза тапқандардың балаларын оқыту ақысын төлеуге міндеттеме алды. Компания өкілдерінің айтуынша, барлығы 37 бала туыстарынан айрылған.