«АрселорМиттал Теміртау» жаңа руда байыту технологиясын қолданысқа енгізбек

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы өзінің темір-руда департаменті – «Өркен» ЖШС-де руда концентратының сапасын арттыру бағдарламасын енгізуді жоспарлап отыр.


Комбинат баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңғырту бағдарламасы 2015 жылы өндіріс көлемі 42 пайызға қысқарған ЖШС-тің бәсекеге қабілеттілігін арттырмақ.
Хабарламаға сүйенсек, Лисаковск темір-руда концентратының құрамындағы темір үлесі 49,1%, фосфор 0,75% құрайды. Құрамында темірдің аздығы мен зиянды қоспалардың көптігіне байланысты өнім бәсекеге төтеп бере алмай отыр. Себебі, металлургия өндірісінде қоспасы жоқ, темір үлесі 65 пайыздан асатын концентратқа деген сұраныс жоғары.
«Біз қондырғыларды жаңғыртамыз. Ол сапасы жоғары өнім өндіруге, концентрат құрамындағы фосфорды үш есе қысқартуға мүмкіндік береді. Негізгі пункт – Лисаковск рудасын байытудың жаңа технологиясын енгізу. Жаңа технология енгізілгеннен кейін құрамындағы темір үлесі 63%, фосфор 0,2% құрайтын өнім алатын боламыз. Технологияны Әбішев атындағы химия-металлургия институтының мамандары дайындады», - делінген хабарламада.