Аружан Жазылбекова эротикалық көріністерге қатысты түсініктеме берді

Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Қазақстандық актриса Аружан Жазылбекова Ресейде түсіріліп жатқан “Алтын Орда” телехикаясында басты рөлдердің бірін сомдайды. Аталған фильмде актрисаның эротикалық көріністерге түсетіні туралы хабар қазақстандықтарды шулатқан болатын. Десе де, өзі мұндай көріністерден түбегейлі бас тартқанын, орнына дублер түсетінін айтып ақталды.

“Мен сыйлық ретінде Алтын Ордадан астанаға жіберілетін Нарғыз есімді бойжеткеннің рөлін сомдаймын. Телехикаяның екі нұсқасы болуы мүмкін. Бірі теледидардан көрсетілуге, екіншісі 18 жастан асқандарға арналған. Соңғысында жан түршіктірерлік адам өлімдері мен эротикалық көріністер болуы мүмкін. Осыған қатысты жұрттың пікірінен құлақдармын. Сондықтан сол мәселеге толығырақ тоқтала кеткім келіп тұр.

Иә, расымен де, эротикалық көріністер болуы мүмкін, бірақ ол жерде дублер ойнайды. Бұл мәселені бірінші кезекте кастинг директоры Ликамен отырып талқылаған болатынбыз. Мен бірден ешқандай да эротикалық көрініске түспейтінімді айттым. Мен ұятсыз көріністерге қатыспаймын. Барлығына осыны түсіндіре беруден жалықтым”, – дейді Аружан Жазылбекова.


Аталған туындының режиссері – Тимур Алпатов. Ол қалың жұртқа “Глухарь”, “Под прикрытием”, “Умник” сынды туындылары арқылы таныс. Ал телехикаяға актерлерді Ресей, Қазақстан, Татарстан, Өзбекстан, Башқұртстан сынды мемлекеттерден іздеген. Теле жобаның түсірілім жұмыстары 4 айға созылады және олар Мәскеу мен Қырымда өтеді. Телехикая “Игры престолов” сынды екі нұсқада түсірілмек. Бірі теледидардан кез келген жастағы көрермен көре алатындай етіп өңделсе, екіншісі тек 18 жастан асқандарға арналатын болады.

Басты рөлдерді Александр Устюгов, Светлана Колпакова, Юлия Пересильд, Сергей Пускепалис, Владимир Веревочкин, Артур Иванов сынды актерлер сомдайды. Ал Қазақстаннан жобаға Дина Тасболатова, Санжар Мәдиев, Дәулет Әбдіғаппаров сынды актерлер қатысатын болады. 16 бөлімнен тұратын телехикая 2017 жылы көрерменге жол тартпақ. Бюджеті – 400 млн рубльді құрайды.