Арыста жарылыс қаупі әлі сақталып отыр – ІІМ

Қазіргі уақытта Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында жарылыстар тоқтады. Алайда жарылыс қаупі әлі де сақталып отыр. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"25 маусым күні сағат 12:00-дегі жағдай бойынша әскери бөлім аумағында жарылыс тіркеліп жатқан жоқ. Ішкі істер министрлігінің күштері мен техникалары – 1200-ден аса адам мен 180-ден астам техника оқиға орнында қалды. Кеше және бүгін түнде тұрғын үй секторындағы өртті сөндіру жұмыстары жүргізілді", - деді Ильин брифингте.

Айтуынша, кешеден бері 45 өрт ауыздықталған: оның 21-і – тұрғын үйлерде, 9-ы – шаруашылық нысандары мен 15-і – дала өрті.

"Жарылыс қаупі әлі де сақталып отыр. Бірақ оның ауқымы бірінші күндегідей болмайды деп ойлаймын", - деді ол.

Түркістан облысының полиция департаменті мен Ұлттық ұлан бөлімшелерінің күштері қала ішін патрульдеуге кірісті. Қорғаныс министрлігі Арыс қаласының аумағын жарылмаған оқ-дәрілерден тазарту үшін саперлер бөлімшесін ұйымдастырды. Бұл топтың бір бөлігі – жалпы саны 100-ден аса адам теміржол стансалары мен теміржол жолдарын тексеріп жатыр. Қалғаны елді мекен мен әскери бөлім аумағында жұмыс істеуде.

"Бүгін әскери бөлім аумағындағы қоймалардан шыққан өрттің салдарын жоюға кіріседі деп ойлаймын. Өрт сөндіру құралдарымен жарақтандырылған арнайы брондалған ауыр техника қалған учаскелерде жарылысқа жол бермейді. Жарылмаған оқ-дәрілердің бар-жоғы толық тексерілгеннен кейін олар елді мекеннен шығарылып, жойылады. Кейін президент пен премьер-министрдің тапсырмасымен бағалау комиссиясы жұмысын бастайды. Алдағы күндері іске кіріседі деп ойлаймын", - деді Ильин.

Шектеу алынғаннан кейін қала халқы үйлеріне оралады. Мұнымен қоса, оларға келтірілген шығын есептеледі.


Арыстағы жарылыс

Қазақстандықтарды дүрліктірген жарылыс 24 маусым күні таңертең болды. Түркістан облысы Арыс қаласындғы әскери бөлім аумағында өрт шығып, оқ-дәрілер жарылған.

Қауіпсіздік мақсатында қала тұрғындары жақын маңдағы елді мекендерге көшірілді.

Төтенше оқиға салдарынан екі адам қаза тапты, оның бірі – әскери қызметкер. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жарылыстан кейін 165 тұрғын дәрігерлердің көмегіне жүгінген.

Қару, басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Кешке таман Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласына ұшып барды. Мемлекет басшысы халықпен кездесіп, қажетті көмектің бәрі көрсетілетінін айтты. Сондай-ақ ол жарылысқа кінәлілердің заң жүзінде қатаң жазаланатынын жеткізді.