Арыс қаласында 779 түлек ҰБТ тапсыруға өтініш беріп, оның 772-сі тестілеуге қатысқан. Бұл туралы ҚР білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
«Арыста ҰБТ тапсыратын бір пункт болды. Ол қаладағы №1 мектепте орналасқан. Қалада 779 түлек тест тапсыруға өтініш берген. Соның ішінде 772 талапкер 21 және 23 маусымда екі лекпен тестілеуден өтті, яғни 98%-і тапсырды.
24 маусымда сағат 9:00 №1 мектебінде аппелляциялық комиссия жұмысын бастады. Өкінішке орай, әскери бөлімшедегі жарылыстан кейін комиссия жұмысы тоқтап қалды. Ешкім зардап шекпеді", - деді Тойбаев.
Оның сөзінше, Арыс қаласында білім және ғылым министрлігінің 12 өкілі жұмыс істеген. Олар қазір Шымкент қаласына орналасты.
«Жағдай тұрақталған соң, бұл аппелляцияны өткіземіз. 30 маусымға дейін уақытымыз бар. Үлгермей жатсақ, уақытын созамыз», - деді ол.