Арыстағы жарылыс: Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды

Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды. Бұл туралы оқиға орнына барған өңір әкімі мәлім етті.

"Жарылыс болды. Облыста төтенше жағдай жарияланды. Барша қала тұрғынын қауіпсіз жерге көшіру керектігін көріп отырмыз. Барлық бағыт бойынша арнайы көліктер жүретін болады. Олар тұрғындарды лагерьлерге жеткізеді", - деді Өмірзақ Шөкеев.

 

Оның айтуынша, аудан әкімдері қауіпсіз жерге көшірілгендердің тізімін жасайтын болады.

"Әр лагерьді аудан әкімі басқаратын болады. Қазір тұрғындарды эвакуациялау мәселесі тұр. Біз осы іспен айналысып жатырмыз", - деді облыс әкімі.


Арыстағы жарылыс

Дүйсенбі Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің аумағындағы қоймада жойқын жарылыс болып, артынша алапат өртке ұласты.

Қорғаныс министрлігі қазіргі уақытта жарылыс салдарынан қаза тапқандар мен зардап шекендердің жоқ екенін хабарлады. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. 

Жарылыстың салдарын жою жұмыстарын облыстық төтенше жағдайлар департаменті, Түркістан облысы мен Шымкент әкімдіктері жүргізіп жатыр.

Арыс тұрғындары шұғыл түрде Шымкент қаласына көшіріле бастады. Қорғаныс министрлігі оқиға орнына арнайы комиссия жіберді.