Енді отандық нарықта танымал онлайн сауда ойыншыларының да уақыты аяқталуға жақын. Билік шетелдік маркетплейстерге қатал талаптар қоя бастады. Олар не салық төлеуі керек, немесе нарықтан біржолата кетуі керек. Осылайша тұтас e-commerce экожүйесі қайта құрылады. Жаңа ережелерді қабылдаған жағдайда, салықтық жүктемені кім көтереді? Дәл осы сұрақ халықты да, кәсіпкерлерді де алаңдатып отыр. Сарапшылар "Время говорить" бағдарламасында осы сұрақты талқылады. Caravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты саралап көрді.
"Бұл жаңашылдық емес"
Елімізде Temu, Pinduoduo, Aliexpress сынды платформалар үлкен сұранысқа ие. Халық тіпті Қытайдан тікелей сатып алуды да үйренген. Нәтижесінде ішкі нарықтағы кәсіпкерлер қысымға ұшырап жатқаны жасырын емес. Қалыптасқан мәселені шешуге билік араласып, салықтық теңгерімді қалпына келтіруге кірісті. Мемлекеттік кірістер комитеті талқыланып жатқан талаптардың жаңа емес екенін атап өтті.
"Бұл жаңалық емес. Мұндай механизм 2022 жылдан бері жұмыс істейді. Қазақстанда жеке тұлғаларға тауар сататын шетелдік платформалар ҚҚС төлеуге міндетті", - дейді комитет өкілі Талғат Әділов.
Оның айтуынша, бүгінде елімізде 121 шетелдік компания тіркелген. Олардың бюджетке төлеген салық көлемі 138 млрд теңгеден асқан. Бұл тізімде AliExpress сияқты ірі ойыншылар бар. Бұған дейін мемлекет шетелдік маркетплейстер үшін арнайы жеңілдетілген модель ұсынып келген. Олар толық заңды тұлға ретінде тіркелмей-ақ, шартты тіркеу арқылы салық төлей алатын. Соның арқасында көптеген компаниялар бұл талаптарды ерікті түрде орындап келді. Енді жаңа ережелер қарастырылып жатыр.
"Егер маркетплейстер тіркелмесе немесе салық төлемесе, біз ескерту жібереміз. Егер талап орындалмайтын болса, ол Қазақстан аумағында бұғатталады", - дейді комитет өкілі.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай шара әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылады. Мысалы Еуропа және ЭЫДҰ елдерінде бұрыннан бар.
"Отандық ойыншыларды қолдау"
E-commerce сарапшысы Аяулым Аяғанова аталмыш өзгерістерді ішкі нарықты қорғау құралы ретінде бағалайды.
"Мұндай шаралар біздің жергілікті маркетплейстер мен отандық кәсіпкерлері қолдаудың түрі. Біз ішкі е-commerce нарығын дамытуымыз керек", - дейді сарапшы.
Сарапшының айтуынша, қазақстандықтар делдалсыз сатып алуды жақсы меңгерген. Мысалы, карго арқылы жеткізу, Alipay және WeChat арқылы төлем жасау үйреншікті дағдыға айналған. Сондықтан жергілікті сатушылар тыс қалып отыр, халық оларды айналып өтеді дейді маман.
1 шілдеден бастап не өзгереді?
Жаңа өзгерістер 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Ережелер тек маркетплейстерге ғана емес, сондай-ақ қарапайым тұтынушыларға да әсер етпек. Осы ретте басты жаңашылдыққа тоқталып өтейік. Енді 200 еуро көлеміндегі бажсыз сатып алу шегі белгіленеді. Бұл бір реттік сатып алуға қатысты. Яғни мұндай сатып алулар саны шектелмейді, алайда әр тапсырыс жеке қарастырылады. Егер жүйе қайта сату белгілерін анықтаса, мысалы бірдей тауарларды тұрақты түрде сатып алу, онда сатып алушы кәсіпкер ретінде танылуы мүмкін. Мұндай жағдайда ол жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеуі керек, және толық кедендік рәсімдеуден өту де міндеттеледі.
Баға бәрібір өседі
Осы тақырып аясында талқыланып жатқан даулы сұрақтардың бірі - бағаның өсуі. Сарапшылардың пікрініше, бағалар бәрібір өседі. Себебі бәрі заңды түрде болған кезде, "ақ" импортқа көшуге тура келеді.
"Заңды түрде әкелінетін тауардың өзі 10-15%-ға қымбат. Бұған тағы сертификаттауды қосыңыз. Бір сертификаттың бағасы 75 мыңнан 300 мың теңгеге дейін жетеді. Әр тауарға жеке сертифкат керек. Егер кәсіпкер 10 түрлі тауар әкелсе, он сертификат рәсімдеуі керек. Бұған тағы логистика, маркетплейстер комиссиясын, салықты қосыңыз. Кейде бизнесте 20%-дан аз маржа қалады", - дейді сарапшы.
Тұтынушы мен бизнес арасындағы шекара
Мемлекеттік кірістер комитеті аталмыш процестің автоматтандырылғанын мәлімдеп отыр. Яғни сатып алулар жиілігі мен құрылымы талданады. Егер азамат бір рет қымбат техниканы салып алса, бұл заңбұзушылық емес. Бірақ бірдей тауарларды жүйелі түрде сатып алу күмән тудырады.
Мысалы Өзбекстанда кейбір платформалар салық талаптарына байланысты нарыққа кіре алмады. Салдарынан жергілікті маркетпейстердің жұмысы жанданды.
Қазіргі енгізіліп жатқан өзгерістерден кім ұтады, ал кім ұтылады? Бұл ең маңызды сұрақ. Сарапшылардың пікірінше, тұтынушылар бағалардың өсімін біртіндеп сезінуі мүмкін. Шағын бизнес заңдастыру мен шығындардың артуына тап болады. Ал шетелдік маркетплейстер өздеріне тиімді таңдау жасайды: не салық төлейді, не кетеді. Мемлекет салық түсімдерін арттырса, жергілікті сатушылар "сұр" импорттан бәсекеде жеңілдік алады. Осылайша еліміз е-commerce нарығын толық заманға сай өзгертіп жатыр. Бұл дегеніміз реттелген, ашық, бірақ қымбат нарыққа айналады. Мұндай өзгерістерді халық қалай қабылдайды және бейімделеді? Оны уақыт көрсетеді.