Арзан тур ұсынатын жалған туроператорларды қалай анықтауға болады

Бұл әдісті әлеуметтік желіде тәжірибелі турагент бөлісті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Оның клиентіне Вьетнамға, нақтырақ айтқанда Фукуок аралына өте тиімді бағамен тур ұсынылған. Алайда дәл осы баға қыздың күдігін тудырған.

«Сәлеметсіздер ме! Бүгін маған бір қыз хабарласып, Фукуок бағытына ұсынылған өте тартымды тур бағасының рас-өтірігін тексеріп беруімді сұрады. Мен оған туроператордың (ТО) және әуе тасымалдаушының атауын сұратуын өтіндім, ол солай жасады.

Алдымен олар “ТО Anex” деп жауап берді, кейіннен бұл “отказной тур” екенін айтты. Бұдан соң қыз компанияның БИН-ін сұратты. Олар мемлекеттік тіркеу туралы шынайыға өте ұқсас анықтаманы жіберген.

Мен бұл БИН-ді salyk.kz сайтынан тексеріп көрдім — мұндай БИН-мен тіркелген компания жоқ болып шықты. Барлық деректерді тексеріп, сұрақ қойғаннан кейін олар қызды WhatsApp пен Instagram-да бірден бұғаттап тастады.

Ең қызығы — олардың Instagram-дағы парақшасында 17 мың жазылушы бар. Сондықтан сақ болыңыздар: бүгінде алаяқтардың да жазылушылары көп, ал тур бағалары тым тартымды болып көрінеді. Ұялмай, басқа турагенттіктерге хабарласып, бағаларды және ақпаратты тексеріңіздер», — деп бөлісті турагент.

Осындай әдісті ірі қаржылық шығындарды жоспарлау кезінде кез келген компанияны тексеру үшін қолдануға болады. Қызмет көрсету немесе тауар сатып алу барысында келісімшарт жасалатын ұйымдар үшін бұл өте маңызды.

Сонымен қатар, БИН арқылы сот кабинеті жүйесінен компанияға қатысты сот істерінің бар-жоғын да тексеруге болады. Мәселен, бұл тәсіл құрылыс компаниясын (застройщик) таңдауда пайдалы болуы мүмкін, өйткені сапасыз тұрғын үйге наразы сатып алушылар сот органдарына жиі жүгінеді.