"Асар" республиканы басқарудың президенттік моделінен парламенттік модельге көшу идеясына қосыла алмайды, өйткені, бұл - таза утопия" ,- деп мәлімдеді Д.Назарбаева. Оның пікірінше, "атқарушы билік қаншалықты күшті болғанымен, транзитті мемлекеттер қиындықпен басқарылатын елдерге жатады".
Дейтұрғанмен, Д.Назарбаеваның пікірінше, "атқарушы билікті алмастыру және оның құзыреті аясын шектеу қажеттігі шынымен туындап отыр". "Асар" бұл жерде еліміздің дамуындағы айрықша дағдарысты кезеңнің айқын артта қалу жағдайын ескеру негізінде осындай түйін жасайды, деді ол. "Еліміз өзгерді, адамдар өзгерді. Олар өзгеше бостандық деңгейіне бейімделді. Олар өзін-өзі құрметтеу деңгейімен тепе-тең түсетіндей назарды талап етуде. Олар мемлекетіміздің тыныс-тіршілігін түзеуге белсене араласқысы келеді",- деді Д.Назарбаева.
Оның пікірінше, осыған байланысты бірқатар саяси реформаларды жүзеге асыру қажет. Атап айтсақ, "атқарушы билік деңгейлері арасындағы құзырет аясын нақты шектеп, сатылы түрде орталықсыздандыру, жекелеген аудан әкімдерінің сайлауын сынақ негізінде жүзеге асыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізу, атқарушы биліктің төменгі тармағын сайлау үрдісіне біртіндеп көшу қажет". Сонымен бірге оның пайымдауынша, "күн тәртібінде сыбайлас жемқорлықпен және экономикалық қылмыс түрлерімен күрес тетіктерін жетілдіру мәселелері тұр".