Форумда сөз сөйлеген Д.Назарбаева еліміз әйелдері бүгінде көптеген "аса күрделі проблемаларды" шешуге атсалысып жүргенін атап өтті. Атап айтқанда, әлеуметтік сала секілді "ең бір күрделі жұмыс саласында" тер төгуде. "Асар" партиясының төрайымы Қазақстан тәуелсіздікке ие болғаннан бері 12 жыл өтсе де "1,5 млн бала тәрбиеленіп жатқан 300 мың отбасы кедейлік шегінен төмен ахуалда күн кешуде" деп атап көрсетті. "Көп балалы отбасыларға мемлекеттік деңгейде қол ұшын беру, мүгедектер, зейнеткерлер мен ардагерлерге жәрдемақы төлеу мәселесін шешу, аналар үшін баланың бағым-күтімі мерзімін сәбиі үш жасқа толғанға дейін ұзарту қажет",- деді Д.Назарбаева.
Форумға Қазақстан мен Ресейдің іскер әйелдерінің 70-тей өкілі қатысты. Бас қосуға қатысушылар кәсіпкерлікті дамыту, өзара іскерлік байланыстар орнату, өзара экспорттық-импорттық келісім-шарттардың санын арттыру туралы екі ел үкіметіне арналған нұсқаулар жобасын жасап, қабылдады.
"Асар" партиясының төрайымы Қостанайда жергілікті партия белсенділерімен және Ұлы отан соғысы ардагерлерінің "АТА" қоғамдық қорының өкілдерімен кездесті. "Партия белсенділерімен алғашқы кездесулер көбінесе ұйымдастырушылық сипатта өтсе, қазір біз қуатты әрі ірі партия ретінде бас қосамыз",- деді Д.Назарбаева. Кездесу барысында шағын және орта бизнесті дамыту, әлеуметтік сала проблемалары тәрізді өзекті мәселелер сарапқа салынды.