"Қазір жобасы жасалып жатқан заңдарды түгел қарап шықтым",- деді Д.Назарбаева. "Асар" партиясынан сайланған депутаттар "партияны айрықша қызықтыратын" заң жобаларын талқылауға атсалысады. "Әлеуметтік салаға, экология мен экономикаға қатысты, әсіресе, адамдардың құқығын бұзуға, қысым көрсетуге қатысты дүниелер қызықтырады",- деді Д.Назарбаева.
"Асар" партиясынан сайланған депутаттардың басқа парламенттік фракциялармен ынтымақтасу мүмкіндіктері туралы сауалға Д.Назарбаева "партия өкілдері әзірге байқастап отыр" деп мәлімдеді. "Істің байыбына барып, парламент жұмысының регламентін білу үшін біраз уақыт керек. Сонымен бірге, нақты әріптестестеріміз кім, кіммен жұмыс істеуге болады, басқа париялар мен фракциялардың қайсысымен ой-мүддеміз ортақ дегенді бағамдау қажет. Бұл жерде мәселе кімнің қай партияның немесе қай фракцияның мүшесі екендігінде емес",- деді депутат.
Мәжіліс отырыстарына бұған дейін қатыспау себептері туралы сауалға жауап берген Д.Назарбаева "оған дәлелді себептер болды" деді. Сондай-ақ, "Асар" партиясы төрайымының пікірінше, ол "Конституцияда белгіленген заңды мерзімде жұмысқа шықты".
"Асар" партиясының төрайымы депутаттық куәлік пен төс белгісін алып, кеше, 1-желтоқсанда парламент мәжілісінің жұмысына кірісті. Енді Д.Назарбаева парламент депутаты ретінде ант беруі тиіс. Бұл шара палаталардың бірлескен отырысында мемлекет басшысының қатысуымен өткізіледі. Ант беру мерзімі туралы түсініктеме берген "Асар" партиясының төрайымы "бұл оқиға Елбасының уақыты болған кезде" жүзеге асады деп жауап берді.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, өткен мәжіліс сайлауында жалпыұлттық сайлау округі бойынша "Асар" партиясы сайлаушылардың 11,38 процент дауысын жинап, парламентте бір орынға ие болған. Депутаттық мандатқа партияның төрайымы, партиялық тізімнің басында тұрған Д.Назарбаева ие болды. Бір мандатты округтерде "Асар" партиясынан үш үміткер жеңіске жетті.