Өткен аптаның аяғында Д.Назарбаева Қарқаралы қаласының 180-жылдығын атап өту шарасына қатысты. Рәсімде сөз сөйлеген "Асар" партиясының төрайымы "қаланың мерейтойы еліміз тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі" деп атап көрсетті. "Бұл өлке дарын иелеріне бай, әрі өзіндік қайталанбас тарихы бар өлке",- деді Д.Назарбаева. Оның айтуынша, "сайын дала ерекше далалық рух пен дүниетаным қалыптастырды", сол себепті қазіргі таңда "халықтың рухани байлағының түп-тамырын ұғынып, оның сан ғасырлық тарихын сақтап қалудың маңызы зор".
Қарағанды облысына сапары барысында "Асар" партиясының төрайымы сондай-ақ, Семей ядролық полигонына таяу жерде орналасқан Егіндібұлақ ауылында болды. Д.Назарбаева бұл ауданда да "шешімін күткен тауқыметтердің көп " екенін атап өтті. Олардың арасынан ең өзектісіне тоқталған "Асар" партиясынан парламент мәжілісінің депутаттығынан үміткер Қайрат Нұрғалиев Семей ядролық полигонындағы сынақтардан зардап шеккен жергілікті тұрғындарға дәрігерлік көмек көрсету, жәрдемақы төлеу қиындықтарын атады. Сондай-ақ, ол биыл осымен екінші Ауыл жылы аяқталуға таяғанына қарамастан, ауыл проблемаларының әлі де шаш-етектен екеніне қынжылыс білдірді.
Қарағанды облысына сапарының соңында Д.Назарбаева Михайловка ауылындағы балаларға арналған онкогематологиялық орталықта болып, сайлаушылармен жүздесті. Әңгіме барысында қазіргі заманғы диагностикалық техника мен компьютердің жоқтығы, дәрігерлер жалақысының төмендігі қатарлы тауқыметтер айтылды.