Әсел Саурықова: Аутизмді емдеудің жаңа әдісін ойлап тапқым келеді

«Қазіргі үлкен мәселенің бірі аутизм, баланың сөйлемеуі. Біздің ауылымызда мұндай балаларды оңалтатын орталық жоқ. Неге біз қалаға барамыз, неліктен ауылда емделмеске деп сол бағытта оқи бастадым. Бұрын шала туылған баланы тәуекел тобына қосатынбыз. Ал қазір педиатрлармен бірігіп, ем-дом жүргіземіз», - дейді ол.

Қазір ақ халатты абзал жан ерекше балаларды дәрісіз, массаж, физиоемдеу сынды оңалтуды қолға алған. Азды-көпті нәтиже де жоқ емес, жүре алмайтын балалар жүріп, аутист балалар мектеп табалдырығын аттап жатыр. Білікті дәрігердің бұл еңбегі елеусіз қалмады. Былтыр Әсел «Жылдың үздік дәрігері», «Жылдың үздік маманы» атанған.

«Менің мақсатым біздің церебральды паралич, аутизм т.б. ауруларды емдеуде Қазақстанның өзінің әдісін ойлап табу. Неге біз шетелге барып әдістемелік оқуымызды оқытпасқа? Өзімді осы жағынан көрсеткім келеді», - дейді Ә.Саурықова.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2019 жылдан бері іске асқан инклюзияны дамыту жөніндегі «Қамқорлық» жобасының маңызы зор. Бүгінге дейін 14 оңалту орталығы, 11 ерте араласу орталығы, аутизмі бар балаларға арналған 4 орталық пен 16 инклюзияны қолдау кабинеті ашылған.


Бұл игі жобаны облыстық әкімдіктің қолдауымен «Қамқорлық қоры» КҚ жүзеге асырып отыр. Ал оңалту үшін жолдаманы ата-аналар тұрғылықты жері бойынша орналасқан емханадан ала алады.