Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
”Айсұлтан деген азамат “Оян қазақ” фильмі адамдардың агрессиясын тудырды” деп пікір білдіріпті. Дәл бұлай кесіп айту үшін қанша адамнан сауалнама алып, қорытынды шығарғаны да қызық болып тұр, алайда айтпағым ол емес. Ашу мәселесіне келсек, ол біздің ішімізде сол “Оян, қазақ” кітабы жазылғаннан бері, яғни 115 жыл бойы келе жатқан сезімдер ғой, алайда сізге оны түсіну қайда?! Себебі, сіз әу бастан орыс тілді, асфальтта өскен жігітсіз. Сіздің қазақ тілінде сөйлей тұра, өз еліңде дискриминацияға ұшыраудың не екенінен хабарыңыз да жоқ. Сіздің банкке барып, таза қазақ тілінде құжатты талап етіп, 3 сағат күткен тәжірибеңіз жоқ, себебі сізге беретін қағазда бәрі түсінікті, сіз әуежайда қазақ тілін талап етіп, хат жазбайсыз, сіз әр дүкенге кіріп, жарнаманың қазақ тілінде болу керегін ескертіп, стреске түспейсіз, қорланбайсыз. Сіздің орыс тілділердің өктем дауысын, кемсітуін сезетін рецепторыңыз жоқ. Сіздің жол қашаннан даңғыл.
Ашуға қайта келсек, біздің ішіміздегі ол сезім “Оян, қазақ” түсірілмесе де болған, оның кинотеатрдағы уақыты бітіп кетсе де бола біреді. Ол сезімдерді таза қазақ тілді адамдар банкте, әуежайда, басқа да қоғамдық орындарда, жұмыс орнында жеке-жеке бастан кешіп жүретін, бұл фильм соны кинотеатрға барып шығаруға мүмкіндік берді. “Оян, қазақ” бізге ішкі сезімдеріміз бен тарихи травмаларымызға топтық терапия жасауға ғана көмектесті, әйтпесе ол фильмнен кейін ешкімнің көзі шығып, беті іскен жоқ. Ондай ұжымдық терапияның біздің жанымызға қаншалықты қажет болғанын 27 жасына дейін қазақ тілін ағылшын секілді судыратып сөйлеп кете алмаған сіз сезіне алмайсыз. 30 жасқа жеткен кез келген адамға “осозанность” деген күй келеді, дәл сол секілді тәуелсіз ел болғанымызға 30 жыл толғанда бізге де сондай кезең келіп тұр дәл қазір, “Оян, қазақтың” жазығы сонымен тұспа-тұс келгені шығар. Біз секілді қазақы адамдарға ең болмағанда кино арқылы сезімімізді шығаруға рұқсат берсеңіздер жөн еді. Жалпы, пікіріңізге рахмет, алайда біз онымен келісе алмаймыз. Біздің қазақы қоғамның есейгені соншалық, өз туған еліне құрмет ретінде қазақ тілін еркін сөйлеуді осы күнге дейін үйрене алмаған адамдардан ақыл қабылдай алмай қалғанбыз, мейлі ол әлемнің режиссері болса да”, - деп жазды продюсер.