Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
”Қазақстанда Ұлттық киім күні аталып өтуде.
Мен – қырғызбын.
Менің әкем жарты ғасырдан астам уақыт бұрын тағдырын Қазақстанмен байланыстырды. Ол қазақ киносы саласында еңбек етті. Ал мен осы жолды ширек ғасыр бұрын жалғастырдым. Осыдан он бір жыл бұрын Қазақстанға біржола қоныс аудардым. Мен қазақ болмасам да, Қазақстанда өмір сүріп, отбасымыздың екінші буыны ретінде ұлттық мәдениетті қолымнан келгенше дамытуға үлес қосып келе жатқан адам ретінде өзімді сенімді түрде қазақстандықпын деп айта аламын.
Қазақстанда ондаған ұлт өкілдері тұрады. Олардың көпшілігі бұл жерге кезінде күштеп жер аударылды. Бірақ бәрі осы жерден өз үйін тапты.
Мен 30-жылдардағы ашаршылықтан әрең аман қалған қазақтардың 1937 жылдың күзінде жер аударылған кәріс отбасыларының балаларын өз үйлеріне бөліп алып, қар астынан үсіп жатқан балаларды қазып алып, «халық жауларына» көмектесті деп өздері жазаға тартылу қаупіне қарамастан, оларды аман алып қалғаны туралы әңгімелерді есіме аламын.
Сондай-ақ үлкендердің айтуымен қазақ балалары АЛЖИР лагеріндегі әйелдерге «тас» лақтырғаны туралы оқиғаларды да білемін. Бірақ ол тастар шын мәнінде кептірілген құрт еді. Осылайша олар сол әйелдерді аштықтан құтқарып қалған.
Ал XIX ғасырда қырғыздар Кенесарыны өлтірді деген айыптауларды естігенде, мен сол кезеңде бұл екі халықтың не себепті бір-бірімен жауласқанын түсінемін. Бұл жағдай ағылшын және француз отаршылдары келгеннен кейін бір-бірімен соғысқан үндіс тайпаларының тарихына ұқсайды.
Сонымен қатар мен XX ғасырда қазақтардың Үркін кезінде қырғыздарға көмектескенін, ал қырғыздардың Ашаршылық жылдары қазақтарға қол ұшын созғанын да ұмытпаймын.
Мен – қырғызбын.
Және мен – қазақстандықпын”, - деп жазды актер.