Әскерге шақырудың жаңа ережелері: қазақстандықтарды қыркүйекте не күтеді?

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

"SMS"-те не болады?

Әскери қызметке шақырылуы мүмкін азаматтар SMS-шақыртуды белгіленген күннен 3 күн бұрын алады. Онда әскерге шақырылушыға көрсетілген мекенжай бойынша әскери комиссариатқа барып, медициналық тексеруден өту қажеттігі туралы хабарлама болады. Медициналық тексерістен кейін шақыру комиссиясы шешім қабылдайды. Сондай-ақ SMS-хабарлама азаматтың eGov порталындағы жеке кабинетіне де жіберілуі мүмкін.

Бірнеше нөмір болса?

Қорғаныс министрлігі мәліметінше, егер азаматқа бірнеше абоненттік нөмір тіркелген болса, SMS олардың әрқайсына жіберіледі. Осылайша шақыру қағазын өткізіп алмауы үшін жағдай жасалады.

"Егер азаматтың мобильді телефоны туралы деректер (eGov-та тіркелген нөмірді қоса алғанда) болмаса, шақыру қағазы қолхатпен жеке өз қолына тапсырылады немесе тіркеу мекенжайына, уақытша тұратын жеріне не жұмыс орнына пошта арқылы жеткізіледі", – деп хабарлады министрлік Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында.