Әскерге шақырылған азаматтардың діни ағымдарға қатысы бар-жоғы тексерілуде

Қазақстанның Қарулы күштер қатарына алмас бұрын әскерге шақырылған азаматтардың дәстүрлі емес діни ағымдарға қатысы бары тексеріледі деп хабарлады ҚР ҚК Бас штабының ұйымдастыру-мобилизациялау жұмыстары департаментінің басшысы, генерал-майор Мүслім Дайыров.



"Әскерге шақыру басталмас бұрын, ішкі істер министрлігі және ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдерімен тығыз байланыста бастапқы зерттеулер жүргізіп жатырмыз. Дәстүрлі емес діни ағымды ұстанушылар мен экстремистік ұйым мүшелері бойынша ҰҚК бізге көмектесіп отыр. Әскерге шақыру 26 наурызда басталғанымен, нақты жұмыс жаңа жылдан бері жүргізіліп келеді. Яғни, үш-төрт ай бойы тексеріп жатырмыз. Содан кейін бізде белгілі бір лауазымдар, жасақтар, шекаралық қызметтер, әуе қорғаныс күштері бар, бұларға да қосымша рұқсатнама керек, бұл міндетті түрде тексеріледі. ҰҚК мен шекаралық қызметке бұдан да мұқият іріктеу өткізіледі", — деді Дайыров орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте. Жалпы айтқанда, биылғы әскерге шақырудың негізгі мақсаты – әскер жасындағы жастар арасынан психологиялық және физикалық тұрғыда мықты жасақтар құру. "Жыл сайын талаптарымыз күшейтіліп келеді. Тіпті әскерге аттануға дайын, дені сау төрт азаматтың арасынан біреуін ғана таңдап алатын кезіміз болады. Әрине, әскер жасындағы жастардың саны өте көп, бірақ олар физикалық параметрлер бойынша іріктеледі. Өз тәжірибеммен бөлісер болсам, бұрнығы кезде басқадай параметрлер бойынша әскерге шақырылатын, ал қазіргі параметрлер анағұрлым жоғары, сол себепті әскерге шақырылған контингенттің де сапасы мықты", — дейді Дайыров.