Әскери шекпені бар, елге еңбек еткені бар төсі алқаларға толы ардагерлер мен саптағы сарбаздар күзгі шақырылымға аттануға сай тасындай іріктеліп сақадай сай тұрған жастарға ақ жол тіледі. Міне, 35 қазақтың қара домалағы Отан алдындағы борышын адал өтеуге аттанбақ. Жүздерінде бірде күлкі, бірде қатты қобалжу бар. Құттықтауды алдымен қала басшысы Ахметжан Есімов бастады.
Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:
- Елдің тыныштығын қорғауға бара жатқан жас отандастарымызға әскери борыштарыңызды абыроймен атқарып аман-есен оралыңыздар деген тілек білдіреміз.
Қала әкімінің жомарттығы әскерге аттанар жастарға тиді, барлығына сыйлығы бар қолсөмке үлестірілді. Кейін жас сарбаздарға қазір әскерде жүрген аға буын өнерлерін паш етті. Оларда қатты қобалжып тұр екен, бірі қолдарындағы қаруға ие бола алмай құлатып жатса қалғандарды көк таста ашық айқас жасады.
Бекжан Талғатов әскерге өзі сұранған жігіттердің бірі. Белді жоғарғы оқу орнын тәмамдаған ол отан алдындағы борышын өтеуге бұрыннан бел шешіпті. Салтанатты шарадан соң дереу Боралдайдаға әскери бөлімге аттанды.
Жілік майы толысқан жігіттердің бүгін 35-і әскери өмірдің дәмін татып қызығы мен шыжығын көруге аттанды. Соның 25-і жоғары білімді азаматтар екен және көбісі кейін келісім-шарт арқылы әскери қызметте қалуға ықтияр білдіргенін аға офицерлер мақтана айтты. Жалпы қоңыр күзде адымдағанда нәлінің ізі қалар керзі етік киіп отан алдындағы борышын өтеуге мыңға жуық алматылық бозбала аттанбақ.