Әскери борышын өтегендердің ҰБТ тапсырмай, оқуға түсу тәртібі қалай жүргізіледі

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.

«Мерзімді әскери қызметті аяқтағаннан кейін екі жыл ішінде азамат ҰБТ тапсырмай, әңгімелесу нәтижесі бойынша ақылы негізде ЖОО-ға түсе алады. Ол үшін азамат «Е-gov» немесе ХҚКО-дан мерзімді әскери қызметті өткергені туралы анықтама алып, басқа құжаттармен бірге өзі таңдаған оқу орнына ұсынуы қажет», - деп мәлім етті Қорғаныс министрінің кеңесшісі ҚазАқпарат тілшісінің сауалына орай.

Демек, мерзімді әскери қызметін өткерген барлық азаматтар екі жыл ішінде қалаған оқу орнына ақылы негізде түсе алады. Ол үшін ҰБТ нәтижесі талап етілмейді. Сондай-ақ, мамандықтар мен жоғары оқу орындарына да шектеу болмайды.

Сонымен қатар, Айгүл Төлембаева әскери міндетін өтеу барысында жақсы нәтиже көрсеткендер жоғары оқу орындарының есебінен тегін білім ала алатынын жеткізді. Ондай мүмкіндік ұсынатын жоғары оқу орындары мен мамандықтардың нақты тізімі жыл соңына дейін Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында жарияланады. Оның айтуынша, бұл ұсынысты қазіргі таңда еліміздегі 40-қа жуық жоғары оқу орны қолдап отыр.

«Әскери қызметшілер шығармашылық емтихан тапсыру қажет мамандықтарға ҰБТ нәтижесін есепке алмай, тек шығармашылық емтихан тапсырумен түсе алады. Жалпы, тегін оқу бойынша Қорғаныс министрлігінің сайтында жарияланатын жоғары оқу орындарында ғана білім алады», - деді Айгүл Төлембаева.


Еске салайық, бұған дейін әскери борышын өтеген 3 мыңға жуық адам жоғары оқу орындарына грантпен түсе алатынын жазып едік. Жоба келесі жылдан бастап іске қосылады.