Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бірегей оқу-жаттығу жиыны 14157 әскери бөлім базасында өтіп жатыр. Онда әскери міндеттілер далалық жағдайда дрон операторы кәсібін игереді.
Жиындар тарихында алғаш рет резервтегілер дәстүрлі әскери даярлықтың негізгі курсын меңгерумен қатар, дрондарды басқаруды да үйренеді.
Бұл жиындарды өткізу үшін 14157 әскери бөлімі кездейсоқ таңдалған жоқ. Аталған бөлім ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жұмыс істеуге маманданған. Запастан шақырылған азаматтарды оқытуға тәжірибелі нұсқаушылар тартылған.
Бір айлық жиынға Тараз қаласы мен Жамбыл ауданы, Жуалы ауданы және Байзақ ауданынын 120 азамат келді. Қабылдау пунктінде әскери міндеттілер тіркеуден өтіп, құжаттары рәсімделеді, қажетті заттармен және әскери киіммен қамтамасыз етіледі.
Бұл жиындардың ерекшелігі – резервтегілер тек бастапқы әскери дайындықтан өтіп қана қоймай, дрондардың құрылымын және оларды басқару негіздерін де меңгереді. Бізде жеке құрамды қабылдауға толық дайындық жасалған, оқу алаңдары мен шатырлы лагерь жабдықталған, – деді 14157 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Әлімжін Қуантай.
Жергілікті әскери басқару органдары бұл жиындарға әскери міндеттілерді ерекше мұқият іріктеген.
Біздің міндетіміз азаматтарды сапалы іріктеу, дұрыс ақпарат беріп, жиын өтетін орынға жеткізу болды. Шақырылғандардың арасында фермерлер, жүргізушілер, инженерлер, заңгерлер мен бухгалтерлер бар. Олардың барлығы шақыруды дұрыс дайындықпен қабылдады. – деді Жамбыл облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жұмылдыру ресурстарын тағайындау бөлімінің бастығы полковник Алмас Чункунов.
Отыз күн ішінде олар қайта даярлықтан өтіп, соның ішінде дрондарды басқаруды үйренеді.
Бұл бағыт маған өте қызық. Қазіргі уақытта елді заманауи технологиялардың көмегімен қорғап үйрену қажет. Оқуға дайынмын, сондықтан жиынға еш қарсылықсыз шын ықыласпен келдім, - деді Жуалы ауданынан келген әскери міндетті азамат Рауан Сапарбай.
Осылайша, әскери міндеттілерді даярлау жүйесі ұрыс алаңындағы өзгерістерге сай қарқынды түрде жаңарып келеді. Себебі уақыт өткен сайын ұшқышсыз ұшу аппараттары операторларының жұмысы үлкен маңызға ие болып отыр.