Әскерилер еліміздің бірқатар өңірінде дезинфекциялау жұмыстарын бастады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды. 

Қазіргі таңда Ақмола, Ақтау, Атырау, Қызылорда, Тараз және Шымкент гарнизондарында өңдеу жұмыстары қолға алынды.

Елдімекендерді өңдеуге жұмылдырылған құрама жасақ арнайы техникамен, АРС-14 авто құю станцияларымен, өңдеу жиынтығымен және дезинфекциялау құралдарымен қамтамасыз етілген.

Өткен аптада жалпы ауданы 751 мың шаршы метрден асатын 450-ден астам әлеуметтік маңызы бар және басқа да нысандар дезинфекцияланды.

Әкімдіктердің өтінімдері бойынша 18 шілдеде дезинфекциялау жұмыстары Ақтау, Атырау және Нұр-Сұлтанда жүргізіледі. Әскери қызметшілер таңертең жұмыстарын бастап, 27 әлеуметтік маңызы бар және 35 қалалық нысандарды өңдейді. Қала тұрғындары көп жиналатын жерлерге де ерекше көңіл бөлінеді.


Өңдеу жоспары жергілікті атқарушы органдардың өтінімдері бойынша қалыптасады. Дезинфекциялау жұмыстарын 25 шілдеге дейін жалғастыру жоспарланып отыр, бірақ қажеттілігіне қарай мерзімі ұзартылуы мүмкін.